15.12.2015, 15:06 17482

"ҚазАгроныӊ" бірқатар еншілес компаниялары жекешелендіруге беріледі

Бәсекелес ортаға тапсыруға жататын компаниялардыӊ қатарына "ҚазАгро" ұлттық холдингініӊ төрт еншілес компаниясы енуі мүмкін

Астана. 15 желтоқсан. Kazakhstan Today - Бәсекелес ортаға тапсыруға жататын компаниялардыӊ қатарына "ҚазАгро" ұлттық холдингініӊ төрт еншілес компаниясы енуі мүмкін, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Қазіргі уақытта Үкіметпен бәсекелес ортаға беруге жататын компаниялардыӊ тізімін бекіту пысықталып, жоспарлануда. Жеке секторға беруге алдын-ала қарастырылған Холдингтіӊ төрт еншілес компаниясыныӊ тізіміне "ҚазАгроҚаржы", "Азық-түлік корпорациясы", "ҚазАгроӨнім" және "Қазагромаркетинг" еніп отыр", - деді бүгін "ҚазАгро" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов ОКҚ брифингінде, деп хабарлайды primeminister.kz тілшісі.

Сонымен қатар, холдинг басшысы айтып өткендей, "бұл компаниялар құрылған кезіндегі белгіленген өз міндеттерін жүзеге асыра алды".

Оныӊ сөзіне қарағанда, "ҚазАгроҚаржы" АҚ көп бейінді қаржы институтынан лизинг компаниясына реформаланатын болады.

"Ол Ұлттық қордыӊ қаражатын пайдаланатын инвестициялық қоржыннан босатылады және бизнес-процестер құрады. Осылайша, Холдинг "ҚазАгроҚаржыны" бәсекелес ортаға өткізеді", - деді Н.Малелов.

Ол түсіндіріп өткендей, 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасыныӊ заӊнамасынан "мемлекеттік астық ресурстары" деген түсінік алып тасталады, тиісінше "Азық-түлік корпорациясы" ҰК" АҚ мемлекеттік астық ресурстарын басқару агентініӊ қызметін атқармайтын болады.

Оныӊ айтуынша, "Азық-түлік корпорациясы" астық нарығындағы көптеген астық трейдерлерініӊ бірі болып қалады және осыған сәйкес оны бәсекелес ортаға беру орынды болады.

Сонымен қатар, "Қазагромаркетинг" АҚ және "ҚазАгроӨнім" АҚ да бәсекелес ортаға беріледі, бұл өз кезегінде мемлекеттіӊ ақпараттық-кеӊес беру қызметіне және мал шаруашылығы өнімдерін сату нарығына қатысуын қысқартады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны