23.05.2006, 15:22 15057

“Қазақатомөнеркәсібі” 2010-жылға дейін вольфрам өндіріп өңдей бастамақшы

АЛМАТЫ. 23-мамыр. Kazakhstan Today. “Қазақатомөнеркәсібі” 2010-жылға дейін вольфрам өндіріп өңдей бастамақшы. Бұл туралы бүгін өткен брифингте “Қазақатомөнеркәсібі ҰАК” АҚ-ның президенті Мұхтар Жәкішев құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Қазақстанда вольфрам да, молибден де шығатын бір кеніш бар”,- деді компания президенті. “Қазақатомөнеркәсібі” одан молибден шығару барысында вольфрамды да қоса өндірмекші. Бұл компанияның ішкі бағдарламасы.

Вольфрам Степногорск тау-кен-химиялық комбинатында өңделеді деп күтілуде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, қазір “Қазақатомөнеркәсібі ҰАК” АҚ уран, тантал, бериллий мен молибден өндіріп өңдеумен шұғылданады.

“Қазақатомөнеркәсібі” Ұлттық атом компаниясы – уран және сол тектес материалдарды экспортқа шығарушы ұлттық оператор саналады. Компанияның 100 пайыздық акциясы түгелдей мемлекет меншігінде, яғни Қазақстан Республикасының энергетика және минералды ресурстар министрлігі иелік етеді. “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК геологиялық барлау, уран өндіру, металлургия, энергетика, өндірісті ғылыми негізде жарақтау және мамандар даярлау, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету сияқты алты бірдей негізгі бағыттағы жұмысқа басшылық жасайтын холдинг түрінде құрылған. 2005 жылдың басында компания жұмысшыларының саны 19 мыңнан асты.

1997-жылы іргетасы қалаған сәттен бері “Қазақатомөнеркәсібі” уран өндіру көлемін 795 тоннадан 3363 тоннаға жеткізіп, дүниежүіндегі 13-ші орыннан 3-орынға көтерілді. Қазақстандағы уран кеніштерінің қоры 1,5 млн. тоннаны құрайды. Оның 1,3 млн. тоннасын жер астында ұңғылық шаймалау тәсілімен өндіруге мүмкіндік бар.

Компания құрамына “Таукен компаниясы” ЖШС, “Волковгеология” АҚ, ”Үлбі металлургия зауыты” АҚ, “Қазатомөнеркәсіп-МАЭК” ЖШС, “Жоғары технологиялар институты” ЖШС, Қазақстанның ядролық университеті, “Геотехнология” оқу-әдістемелік орталығы енген. Уран өндіру бойынша канадалық «Cameco» компаниясымен бірге құрылған “Ыңғай”, француздың «Areva» компаниясымен бірге құрылған “Катко”, Ресейдің «Техснабэкспорт» және «Атомредметзолото» компанияларымен бірге құрылған «Заречное», сондай-ақ ядролық отын әзірлеу бойынша ресейлік және украиналық әріптестерімен бірге құрылған «УКР ТВС» біріккен кәсіпорындарында “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК-ның үлесі бар.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны