06.06.2006, 14:35 2894

“Қазақатомөнеркәсібі” 2050-жылға дейін уран өндіру мөлшерін 25 мың тоннаға жеткізбекші

АЛМАТЫ. 6-маусым. Kazakhstan Today. “Қазақатомөнеркәсібі” 2050-жылға дейін уран өндіру мөлшерін 25 мың тоннаға жеткізбекші. Бұл туралы бүгін өткен брифингте “Қазақатомөнеркәсібі ҰАК” АҚ-ның президенті Мұхтар Жәкішев құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“2050-жылға дейін уран өндіру мөлшерін 25 мың тоннаға жеткізу межеленген. Бұл деңгейді біз 2100-жылға дейін сақтаймыз”,- деді М.Жәкішев.

ҰАК басшысының айтуынша, қазір компания уран мен отын таблеткаларын өндіріп, регенерат өңдейді. 2010-жылға дейін ҰАК конверсия, уранды байыту, отын жинақтарын өндіру, АЭС салу мен сәулелендірілген отын өңдеуге қол жеткізбекші.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, “Қазақатомөнеркәсібі” 2006-жылы 5 мың тоннаға дейін уран өндірмекші. Ал 2010-жылы бұл көлем 17,5 мың тоннаға жетеді.

“Қазақатомөнеркәсібі” Ұлттық атом компаниясы – уран және сол тектес материалдарды экспортқа шығарушы ұлттық оператор саналады.
1997-жылы іргетасы қалаған сәттен бері “Қазақатомөнеркәсібі” уран өндіру көлемін 795 тоннадан 3363 тоннаға жеткізіп, дүниежүіндегі 13-ші орыннан 3-орынға көтерілді. Қазақстандағы уран кеніштерінің қоры 1,5 млн. тоннаны құрайды. Оның 1,3 млн. тоннасын жер астында ұңғылық шаймалау тәсілімен өндіруге мүмкіндік бар.

Компания құрамына “Таукен компаниясы” ЖШС, “Волковгеология” АҚ, ”Үлбі металлургия зауыты” АҚ, “Қазатомөнеркәсіп-МАЭК” ЖШС, “Жоғары технологиялар институты” ЖШС, Қазақстанның ядролық университеті, “Геотехнология” оқу-әдістемелік орталығы енген. Уран өндіру бойынша канадалық «Cameco» компаниясымен бірге құрылған “Ыңғай”, француздың «Areva» компаниясымен бірге құрылған “Катко”, Ресейдің «Техснабэкспорт» және «Атомредметзолото» компанияларымен бірге құрылған «Заречное», сондай-ақ ядролық отын әзірлеу бойынша ресейлік және украиналық әріптестерімен бірге құрылған «УКР ТВС» біріккен кәсіпорындарында “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК-ның үлесі бар.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны