23.05.2006, 16:20 2843

“Қазақатомөнеркәсібінің” уран байыту зауыттарынан үлес иемденуі туралы Қазақстан, Ресей және Франция арасындағы келіссөздер 2006- жылдың соңында аяқталады

АЛМАТЫ. 23-мамыр. Kazakhstan Today. “Қазақатомөнеркәсібінің” уран байыту зауыттарынан үлес иемденуі туралы Қазақстан, Ресей және Франция арасындағы келіссөздер 2006- жылдың соңы- 2007-жылдың басында аяқталады.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте “Қазақатомөнеркәсібі ҰАК” АҚ-ның президенті Мұхтар Жәкішев құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

М.Жәкішевтің айтуынша, егер франциялық және ресейлік компаниялар еліміздің шикізат өндіру орындарына шығу мүмкіндігіне ие болған жағдайда “Қазақатомөнеркәсібі” осы елдердің аумағындағы кен байыту зауыттарынан үлес иемденеді. “Қазір біз саудаласып жатырмыз”,- деді ҰАК компаниясының басшысы.
“Қазір біз француздардың жауабын күтіп отырмыз. Олар Қазақстанда қанша табиғи уран өндіргісі келетінін хабарлауға тиіс. Соған сәйкес біз кен байыту зауытынан қанша үлеске ниет білдіре алатынымызды бағалаймыз”,- деді М.Жәкішев.

“Ресейге қатысты да бұл мәселе әзірге бұлыңғыр күйі қалып отыр. Қазір бар зауыттан үлес иемденеміз бе, әлде Ресеймен бірлесіп жаңа зауыт саламыз ба, ол жағы әзірге беймәлім. Келіссөздер жүргізілуде”,- деді ол.

Екі ел жаңа жобаға біріге ме, әлде, бұрыннан игеріліп келе жатқан кеніштерге біріге ме деген журналистер сауалына М.Жәкішев: “бұл да келіссөздердің нәтижесіне байланысты. Егер олар бізді дайын жобаға біріктірсе, біз де оларды дайын жобаға қосамыз“,- деді.

“2006-жылдың аяғына таман жағдай айқындалады. Келіссөздер 2006- жылдың соңы- 2007-жылдың басында аяқталуға тиіс”,- деді компания жетекшісі.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны