17.02.2016, 12:23 4204

Қазақстан 2015 жылдыӊ қорытындысы бойынша табиғи уран өндіруші ретінде жетекші орынды сақтап қалды

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басшылығы "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке компанияны трансформациялаудыӊ 2016 жылға арналған Жол картасын таныстырды

Астана. 17 ақпан. Kazakhstan Today - "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басшылығы "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке компанияны трансформациялаудыӊ 2016 жылға арналған Жол картасын таныстырды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Ұлттық атом компаниясыныӊ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев Қазатомөнеркәсіптіӊ бизнесті трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыру аясында жүргізіп отырған жұмыстары жөнінде әӊгімелеп, алғашқы нәтижелер мен 2016 жылдағы көрсеткіштер картасын таныстырды, деп хабарлайды strategy2050.kz тілшісі.

2015 жылы қабылданған шаралар қорытындысы бойынша Қазатомөнеркәсіптіӊ экономикалық қосымша құны (EVA) 15,4 млрд теӊгеге өсті.

Өндіріс тиімділігін арттыру, технологиялық үдерістерді оӊтайландыру және қуат үнемдеу бойынша қабылданған кешенді іс-шаралар нәтижесінде Компания өндірістіӊ өзіндік құнын 16,4 млрд теӊгеге қысқарта білді.

2015 жыл қорытындысы бойынша 23800 тонна уран өндірген Қазақстан ірі табиғи уран өндіруші ретіндегі әлемдегі көшбасшылық орнын сақтап қалды. Сондай-ақ еліміз АҚШ пен Франция нарығындағы ірі уран жеткізіп берушіге айналды.

"Қазатомөнеркәсіп алдында еліміздіӊ атом өнеркәсібін дамыту бойынша үлкен мақсаттар тұр. Жұмыс басталып, компанияны оӊтайландыру, кәсіпорындардыӊ бас кеӊселерін өндіріске жақын көшіру бойынша нақты шаралар қабылданған. Мұныӊ бәрі үнемдеумен қатар, жақсы басқару тиімділігін береді, бизнес өндірістік нақтылықтан қол үзбей жұмыс істеуі тиіс - трансформациялау аясында қол жеткізетініміз де осы", - деп атап көрсетті "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Компания қызметініӊ басқа да маӊызды нәтижелерініӊ қатарында жылу бөлгіш құрамалар (ЖБҚ) шығаратын зауытты жобалау және салу туралы қытайлық CGNPC компаниясымен желтоқсанда қол қойылған келісімді, еншілес 10 кәсіпорын кеӊселерініӊ уран өндіруші аймақтарға қоныс аударуын, сондай-ақ еншілес кәсіпорындар саныныӊ 82-ден 72-ге кемігенін айтуға болады.

Компанияда сондай-ақ, инвестициялық қызметтіӊ тиімділігін арттыруға бағытталған жаӊа инвестициялық саясат әзірленіп, қызметкерлерді конкурстық іріктеу мен ПҚК бойынша тиімділікті бағалау жүйесі енгізілді.

Үстіміздегі жылы Қазатомөнеркәсіп корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, операциялық модельдер мен бизнес-үдерістерді жақсарту, тиімділікті арттыру және өндірісті әртараптандыру жұмыстарын жалғастыратын болады.

Қазатомөнеркәсіптіӊ негізгі қызметін дамытуға, уран өнімдерін өткізу нарығын кеӊейтуге және өндірісті әртараптандыруға айрықша назар аударылмақ. Компания қалған екі еншілес кәсіпорынды да уран өндірілетін өӊірге көшіруді, споттық нарықта өнім саудасымен шұғылданатын трейдинг компаниясын құруды, Қытай, АҚШ және Ресейдегі Қазатомөнеркәсіп өкілдіктерін таратуды, сондай-ақ бейінді емес 18 кәсіпорынды Холдинг құрамынан шығарып, "ҮМЗ" АҚ базасында ЖБҚ шығаратын зауыт құрылысыныӊ техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуді аяқтауды көздеп отыр.

Сонымен қатар трансформациялау бағдарламасын іске асыру шеӊберінде Қазатомөнеркәсіп үдерісті орталықтандыру және оныӊ ашықтығын қамтамасыз ету жолымен қаржы үнемдеуге мүмкіндік беретін сатып алулардыӊ жаӊа үлгісін іске қосу, уәждеу және қызметкерлердіӊ жұмысқа қабілеттерін арттыру мақсатында олардыӊ еӊбек тиімділігін бағалау мен грейдтеуге негізделген еӊбекке ақы төлеу жүйесін енгізуді жоспарлаған.

Кәсіпорындардыӊ басқарылуын арттыру және өндірістік үдерістерді автоматтандыру үшін "Жағдаяттық орталық" және "Санды кеніш" ақпараттық жүйелері пайдалануға берілмек. Аталмыш жобалар Холдинг қызметініӊ маӊызды өндірістік-қаржы көрсеткіштеріне мониторинг жасау, талдау және көрнекі етуге бағытталған.

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ үстіміздегі жылдыӊ 8-15 ақпаны аралығында Ө. Шөкеев аралаған Қор қоржынындағы алтыншы компания болды. Көшпелі сессия соӊында ұлттық атом компаниясыныӊ басқарма төрағасы А. Жұмағалиевке 2016 жылы Қазатомөнеркәсіпті трансформациялау бойынша міндеттерді іске асыру көлемі мен мерзімдері көрсетілген Трансформацияға жеке қатысу жоспары тапсырылды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны