22.09.2008, 15:28 1423

Қазақстан Грузияның Поти айлағында астық терминалын салудан бас тартты - Күрішбаев (кеңейтілген нұсқасы)

Қазақстан Грузияның Поти айлағында астық терминалын салудан бас тартты - Күрішбаев (кеңейтілген нұсқасы)

Астана. 22 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Грузияның Поти айлағында астық терминалын салудан бас тартты. Бұл туралы бүгін парламенттегі үкіметтік сағатта еліміздің ауылшаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Поти жобасынан біз бас тартып, республика үкіметіне бұл ақшаны жүзеге асыра алмайтындығымызды және осымен тоқтай тұру қажеттігі жөнінде хат жаздық", - деді А. Күрішбаев.

"Азық-түлік келісім-шарты корпорациясы Потидегі құрылыспен айналыспайтын болады, бұл мәселе халықаралық проблемалармен, соның ішінде Грузиядағы жағдаймен тығыз байланысты екені белгілі", - деді ол.

Мәжіліс депутаты Тито Сыздықов өз сөзінде Поти айлағында астық терминалын салуға арналған ақшаны Қазақстанның ауылшаруашылығы өнім өндірушілерін қолдауға жұмсау қажет деген ұсыныс айтқан.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанның астық сатудан түскен табысы алдағы 3-4 жылда 5 млрд АҚШ долларына жетеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы" АҚ президенті Руслан Изімов мәлімдеді.

Алайда, бұл мөлшерге жету үшін бірқатар мәселелерді шешу керек, деп атап көрсетті ол. Атап айтқанда, "Қазақстанның географиялық орналасу жағдайына байланысты экспорттаушылар тасымалға көп шығындалуда".

"Сондықтан, Корпорация Каспий бағытын толығымен пайдалануға ұмтылады. Осы мақсатта Ақтау теңіз терминалы жөндеуден өткізілді, оның өткізу қабілеті екі есе ұлғайтылды. Енді Ақтау портын Тобыл мен Сарыағаш секілді шекара бекеттерімен теңестіріп, шекара өткелі мәртебесін беру қажет. Сондай-ақ, экспорттық теміржол тарифына қосымша құн салығын (ҚҚС) алып тастаған дұрыс", - деді Р. Изімов.

Сонымен қатар ол, Изербайжанда Қазақстан астық терминалын салғанын және сол сияқты терминалдар Иранның Амирабад, Қара теңіздің Поти порттарында салынып жатқанын еске салды.

"Болашақта Хомейни портында астық терминалын салып, Украинаның Қара теңіздегі терминалдарының бірін алу көзделіп отыр. Сонымен бірге, Қытайға астық тасымалдау және Достық бекетінде 30 мың тоннаға дейін астық сиятын өткелдік қойма салу мәселелері талқылануда", - деп хабарлады Р. Изімов.

"Үкіметтің тиісті қолдауымен экспорттың сенімді және тәуелсіз арналарын қалыптастыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрылады. Бұл астық экспортының көлемін жылына 10-12 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік бермек. Ал теңіз кемелерін пайдалану астықты жеріне жеткізуге байланысты шығындарды азайтады", - деп атап көрсетті Азық-түлік келісімшарт корпорациясының басшысы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны