11.09.2007, 17:20 3346

Қазақстан Қашаған жобасы бойынша ашық диалогқа дайын

Қазақстан Қашаған жобасы бойынша ашық диалогқа дайын.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 11 қыркүйек. АСТАНА. Қазақстан Қашаған жобасы бойынша ашық диалогқа дайын, деп мәлімдеді энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев.

"Қазақстан үкіметінің инвестициялық келісім-шарттарының тұрақтылық принципін қолдайтындығын тағы бір атап өтемін. Қазақстан Қашаған жобасын жүзеге асыруға бағытталған мәселені шешуде ашық диалогқа дайын және жер қойнауын пайдаланушыларға өз міндеттемелерін орындау жөнінде қойған біздің негізді талабымызға саяси сипат бермеуді сұраймын",- деп мәлімдеді С.Мыңбаев бүгін Астанада кенішті игеру жөніндегі жобаның операторы болып табылатын Италияның ENI компаниясының президенті Паоло Скаронимен кездесуде.

Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында С. Мыңбаев жекелеген шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан ұлттық заңнама талаптарын жүйелі түрде бұзуына және Солтүстік Каспий жобасын жүзеге асыру мерзімінің шегерілуіне байланысты алаңдаушылық білдірді. "Еліміздің заңдарын бұлжытпай орындау мен өзіне жүктеп алған міндеттемелерді бұлтарыссыз орындау - Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялар, соның ішінде шетелдік компаниялар үшін де императив болып табылады. Біз бұл жайтқа, әсіресе, мәселе мемлекетіміздің мүддесіне қатысты тұста назар аудармай тұра алмаймыз", - деді министр. "Егер талап орындалмаса, онда біз еліміздің заңдарында қарастырылған барлық қажетті шараларды қолданамыз", - деді ол.

Сонымен бірге, министр Қашағанды игеру жоспары мен бюджетіне (ҚИЖмБ) жаңа түзетулер енгізудің тиімсіздігін алға артты. "Мердігер келтірген ұсынысқа уәкілетті мекеме тарапынан жүргізілген техника-экономикалық талдаулар қорытындысы көрсеткендей, осыншама ауқымды қымбаттаушылық пен өнімді коммерциялық мақсатта өндіре бастауды шегеру 2004-жылы бекітілген ҚИЖмБ-мен салыстырғанда Қазақстан Республикасы үшін жобаның негізгі экономикалық көрсеткіштерінің біршама нашарлауына алып келеді. Қазақстан Республикасына жобадан түсетін жалпы түсімдерден тиетін үлес азайып, тараптардың Өзара өнім бөлісу жөніндегі келісім бойынша экономикалқ мүдделерінің тепе-теңдігі бұзылады", - деді С. Мыңбаев.

Энергетика және минералды ресурстар министрі өзара экономикалық ықпалдастықты одан әрі жалғастырудың айрықша маңызды бір алғышарты - келісім-шарты бойынша жүктеп алған міндеттемелерді орындау екенін тағы бір атап өтті. "Қашаған кенішін игеру мерзімінің шегерілуі мен онда өнімнің өнеркәсіптік өндіріле бастауының кешеуілдеуі мен жобаның ақталу мерзімінің біршама кейінге шегерілуі, жобаның ауқымын ескергенде, ұлттық экономиканың таяу онжылдықтағы жоспарлық өсім қарқынының анағұрлым қысқаруына алып келмек, ал бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуының ұзақ мерзімді бағдарламаларының жүзеге асырылуына қатер төндіреді ", - деді С. Мыңбаев.

Осы орайда еске сала кетсек, Қазақстан үкіметі Қашаған жобасы бойынша оператор болып табылатын Италияның ENI компаниясының жұмысына көңілі толмайтынын білдірген. Оған оператордың кенішті игеру үшін ұсынған шығындарының сметасы себеп болған. Оған сәйкес шығындар көлемі 57 млрд доллардан 136 млрд долларға дейін өспек. Сонымен бірге өнеркәсіптік мұнай өндіру мерзімі 2008 жылдан 2010 жылға дейін шегерілмекші. Қазақстан жағы ENI компаниясын оператор деген мәртебеден айыра алатынын мәлімдеді.

Бұдан кейін Қазақстанның табиғат қорғау мекемесі Қашаған кеніші бойынша табиғатты пайдалануға берілген рұқсатты тоқтатты. Ресми жорамалға сәйкес, мұндай шешім Agip KCO консорциумы тарапынан республиканың табиғат қорғау заңнамасын бұзуына байланысты қабылданды.

Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан Қашаған мұнай кеніші 2000 жылғы жазда "Восток-1" ұңғысымен ашылған. Бұл дүниежүзінде соңғы 30 жылда ашылған ең ірі кеніштердің бірі, геологиялық мұнай қоры 4,8 млрд тоннаны құрайды.

Солтүстік Каспий жобасын Agip КСО консорциумы жүзеге асырады, оның құрамына ENI (жобаның біртұтас операторы), Total, ExxonMobil, Royal Dutch Shell компаниялары енеді, олардың үлесі тиісінше 18,52% , ConocoPhillips - 9,26%, Inpex және "ҚазМұнайГаз" үлесі тиісінше - 8,33%-тен.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны