02.06.2006, 12:05 2881

Қазақстан мен Грузия арасындағы өсе бастаған сауда-саттық қарқынын сақтап қалу керек – республика вице-премьері

АСТАНА. 2-маусым. Kazakhstan Today. Қазақстан мен Грузия арасындағы өсе бастаған сауда-саттық қарқынын сақтап қалу керек. Бұл туралы Астанада “Кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер” атты Қазақстан-Грузия бизнес-форумы барысында республика вице-премьері Кәрім Мәсімов мәлімдеді,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қазақстан президентінің 2005-жылғы Грузияға және Грузия мемлекет басшысының елімізге сапарлары ынтымақтастыққа берік негіз қалады. “Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықта дәл осы 2005-жыл – ілгерілеушілік жылы болды. Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2005-жылы 50 процентке артып, 60 млн. доларға жетті”,- деді вице-премьер.

Республика үкіметі қазақстандық бизнестің Грузияға тауар мен қызмет түрлерін экспорттау мен транзитті тасымалдау жөніндегі бастамасын қолдауға дайын, деді К.Мәсімов. “Азық-түлік индустриясы, энергетика, металлургия мен құрылыс салаларының болашақ ынтымақтастық үшін әлеуеті үлкен. Біз сонымен бірге Грузия жағының Қазақстанға инвестиция жұмсау және сауда-саттық жөніндегі кез-келген бастамасын қолдаймыз. Қазақстан Грузия аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамытудан мүдделі”,- деді К.Мәсімов.

Грузия үкімет басшысы Зураб Ногаиделидің айтуынша, қазақстандық инвестициялар үшін туризм және банк саласы да қызығушылық тудырмақ. “Қазір бізде түрлі салаларда жекешелендіру жүргізіліп жатыр. Қазақстандық кейбір компаниялар тендерлерде жеңді. Қаржылық институттардың активтерін сатып алу процедуралары жеңілдетілген”, деді ол.

Грузин шарабын Ресейге сату қиындықтарына тоқталған З.Ногаидели “Грузия Ресейге шарап енгізуге тыйым салу шарасынан тіптен нығайып, күшейіп шығады”, деп атап өтті.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны