09.11.2006, 13:10 3094

Қазақстан мен Иордания екі елдің сауда-өнеркәсіптік палаталары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

АСТАНА. 9-қараша. Kazakhstan Today. Бүгін Астанада қазақстандық және иорданиялық кәсіпкерлердің қатысуымен өткен бизнес-форумда Қазақстанның сауда-өнеркәсіптік палатасы мен Иорданияның сауда және өнеркәсіптік палаталары арасындағы үш жақты ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бұл келісімдер болмай, бір елдің ақшасын екіншісінің экономикасына жұмсау мүмкін емес. Өйткені, инвестиция қорғалуға тиіс. Бұл - қарапайым халықаралық тәжірибе",- деді құжаттарды таныстырған еліміздің индустрия және сауда министрі Владимир Школьник.

"Қазір біз қатысу мүмкіндігі бар бизнес салалары мен тауқыметтерді талқылап жатырмыз. Мұндай келісімдер тауар айналымының тиімділігін көтеру үшін қажет. Қазір екі ел арасындағы тауар айналымы өте мардымсыз және ол әлеуетке сай келмейді",- деді министр.

Ол сонымен бірге таяу уақыттарда Қазақстан мен Иорданияның өзара инвестицияны қорғау және қосарланған салықты болдырмау жөніндегі келісімдерге қол қоятынын хабарлады. "Бұл екі ел арасындағы сауда-саттық қатынастарды дамытуға ынталандырады".

Министрдің хабарлауынша, иорданиялық кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері Қазақстанда туризм, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, фармацевтика, көлік-логистикалық қызметтер мен сақтандыру бизнесіне қызығушылық танытуда.

ҚР көлік және коммуникация министрлігінің ақпаратына сәйкес, қазірде Иордания Қазақстандағы преференциялар жүйесін тұтынушылардың бірі болып табылады. Иорданиялық тауарлардың белгілі бір тізімін енгізген жағдайда, кедендік баж салығы қазіргі импорттан алынатын кедендік баж салығының 75 процентін құрайды.

ҚР статистика жөніндегі агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2005-жылы Қазақстан мен Иордания арасындағы тауар айналымы 20 млн. 465 мың доллар, соның ішінде экспорт -$19 млн. 733 мың, импорт - $731 мың болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны