03.05.2007, 17:18 3015

Қазақстан мен Қырғызстан экономиканың түрлі салаларында бірқатар келісімге келді

БІШКЕК. 3-мамыр. Kazakhstan Today. Қазақстан мен Қырғызстан экономиканың түрлі салаларында бірқатар келісімге келді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мәселен, Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасары Асқар Бешимов бүгін баспасөз мәслихатында мәлім еткеніндей, Қазақстан мен Қырғызстан қырғызстандық темір жол тасымалдаушыларына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті тасымалға ұлттық тариф режимін беру жөнінде келіскен.

А.Бешимовтың айтуынша, "Қазақстан Республикасы президентінің тапсырмасымен "Қазақстан темір жолы" АҚ "Қырғыз темір жолу" мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы шаруашылық іс-қызметі барысында түзген берешектерін кешіретін болды",- деді министрдің орынбасары.

Сонымен бірге оның айтуынша, "Қазақстан жағы "Қырғызгаз" ААҚ-ның "Қазтрансгаз" АҚ алдындағы қарызын алдағы уақытта электр қуаты мен газ жабдықтарын беру арқылы біртіндеп өтеуге келісімін берді". А.Бешимовтың атап көрсетуінше, сапар барысында "Алматы-Ыстықкөл тас жолын бірлесе салуды жеделдету ұйғарылды". Қырғызстан сыртқы істер министрінің орынбасарының атап көрсетуінше, қазір бұл мәселені Қырғызстан жағы қарастырып жатыр.

Жуырда өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында Қазақстан Қамбарата Су электр станциясының құрылысына қатысты алдын-ала техника-экономикалық негіздемені дайындауға 8 млн доллар бөлуге дайын екенін белдіргенін А.Бешимов еске салды. Министрдің орынбасары Қырғызстан парламенті концессия туралы заңға түзетулер енгізгеннен кейін ғана ақша берілетінін нақтылап өтті.

А.Бешимовтың айтуынша, сондай-ақ Қазақстан жағы Қырғызстанның автокөлік құралдары Қазақстан аумағы арқылы транзитті тасымал жасаған жағдайда тексеру процедураларын қысқарту немесе жеңілдету туралы мәселені қарауға келісімін берді. "Бұл көбінесе Қазақстанға ауылшаруашылығы өнімдерін әкелетін Қырғызстандық тауар өндірушілерге қатысты мәселе",- деді елші.

Ол сонымен бірге Қазақстанның "Kazsat" жер серігін бірлесе пайдалану жөнінде мәміле жасалғанын хабарлады. Қырғызстан СІМ өкілінің мәлімдеуінше, Қазақстан жағы "Қырғызтелеком" АҚ жекешелендірілген жағдайда оның акцияларын сатып алу жөніндегі тендерге қатысуға дайын.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны