25.12.2012, 13:42 3514

Қазақстан мен Қытай арасында жаңа жүк тасымалдау бағыты ашылды

Мемлекеттік шекараның Қорғас тұсында салынған шойын жол екі елде тауар айналымын ұлғайтып, еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыра түспек.

Астана. 25-желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында жаңа жүк тасымалдау бағыты ашылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Мемлекеттік шекараның Қорғас тұсында салынған шойын жол екі елде тауар айналымын ұлғайтып, еліміздің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыра түспек.

Мұнымен қатар, бұл жобаның арқасында 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. 2009 жылы Президенттің батасымен басталған Жетіген-Қорғас темір жол құрылысы аяқталды. Соңғы 21 жылда жалғыз темір жол бағыты Достық-Алашанқай асуы арқылы 156 миллион тонна жүк тасымалданса, енді бұл көрсеткіш айтарлықтай өспек.

"Бұл тарихи жоба деп айтуға болады. Өйткені бұл жол Қазақстан экономикасы, жалпы Орталық Азия мемлекеттерінің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттырады", деп мәлім етті "ҚТЖ" ҰК" президенті Асқар Мамин.

Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы 25 миллиард долларға жетті. Ондағы темір жол тасымалының үлесі аз емес. Енді, екінші бағыт ашылғаннан кейін тіптен көбейеді, - дейді сарапшылар. 2015 жылы жүк айналымы жылына 10 миллион тоннаға, ал 2020 жылы 15 миллион тоннаға жетеді деп болжанып отыр. Жетіген-Қорғас темір жол тармағының ұзындығы 300 шақырым. Экономикалық және әлеуметтік маңызы зор бұл бағыт елдің шығыс өңірінде салынып жатқан заманауи көліктік-логистикалық хабтың негізгі бөлігіне айналады.

"Бұл Алматы облысы үшін өте маңызды жоба. Себебі, мұнда мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Осында өздеріңіз көріп отырсыздар, Нұркент деген жаңа ауыл ашылды. Жаңа мектеп, балабақша салынды" - деп мәлім етті Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев.

Жаңа халықаралық темір жол бағытының құрылысы басталғалы оның бойында 5 станса, 9 разъезд, 28 көпір, 640 шақырым электр желілері, сондай-ақ 260 қызметтік нысан мен тұрғын үйлер салынған. Жаңа шаһарда қоныс тойын тойлап жатқан жас мамандар, болашақтың жарқын болатынына сенімді.

22 желтоқсан күні жаңа асу арқылы алғашқы халықаралық жүк поездары өтті. Ал салтанатты ашылудан кейін, тараптар арасында жылжымалы құрамдарды ресми түрде қабылап өткізу жұмысы басталады. 2013 жылы жаңа желі арқылы 3 миллион тонна жүк өткізу жоспарланып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны