19.09.2007, 17:32 2767

Қазақстан мен Тәжікстанның ауылшаруашылық министрліктері қазақстандық астықты импорттау туралы келісім жасады

Қазақстан мен Тәжікстанның ауылшаруашылық министрліктері қазақстандық астықты импорттау туралы келісім жасады.

Душанбе. 19 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Жуырда Қазақстан мен Тәжікстанның ауылшаруашылық министрліктері 150 мың тонна көлеміндегі қазақстандық астықты импорттау туралы келісімге келді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Келісім күшіне енісімен және де тасымал әлі жүзеге асырылмағандығына қарамастан Душанбедегі бір қап ұнның бағасы 120-дан 90 сомониға түсті. Бағаның күрт өсуден кейін бұлайша күрт түсуінің себебін Тәжікстан Республикасының Экономиканы дамыту министрлігінің жұмыс тобы анықтамақ.

Аталмыш министрліктің маркетинг және сауда іс-қызметін реттеу басқармасының бастығы, жұмыс тобының жетекшісі Фарух Солиевтің айтуынша, негізгі міндет проблеманың одан әрі алдын алу мақсатында нанға қатысты ахуалға мониторинг және талдау жүргізу болып табылады. "Біз әзірге ұн бағасының бұлайша құбылуы не себепті екендігін білмейміз, бірақ нарыққа өз шарттарымызды қоюға біздің құқымыз жоқ. Дегенмен егер бағаның көтерілуіне отандық кәсіпкерлер жасанды әсер етсе, онда іс басқаша болады",- деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Фарух Солиев бір қап ұнның бағасы 60 - 70 сомониға дейін түсуі мүмкін екендігін жоққа шығармайды. Тәжікстан Республикасының Экономиканы дамыту министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, тамыз-қыркүйек айларында ұнға қатысты ахуал жыл сайын күрделенеді. Өткен жылы бұл жағдай қуат көздері бағасының көтерілуіне және қасиетті Рамазан мерекесінің басталуына байланысты одан әрі ушыға түскен.

"Көрші Қазақстан көптеген жылдардан бері бізге 98 пайыз астықты импорттап отыр, 2 пайызы Өзбекстаннан келеді және 2 мың тоннаға жуық астық өнімі отандық егін алқаптарынан жиналады, - деп түсіндіреді ақпарат көзі. - Бірақ жыл сайын тамыз-қыркүйек айларында Қазақстан қырмандарға фумигация, яғни астық сақтау қоймаларына тазалық жүргізеді. Бұл міндетті процесс, және де бір де бір мемлекет басқа жақ үшін өзінің қоймаларын тиісті ахуалда ұстаудан бас тарпайды, ондай болмаған жағдайда бүкіл астық өнімін жоғалтып алуы мүмкін".

Шенеуніктің айтуынша, тамыз-қыркүйек айлары - фумигация жүргізуге ең қолайлы кезең, себебі ескі астық сатылған, ал жаңа өнім жинала қоймаған тұс. Сөйтіп, осы кезеңде ұнның тапшылығы туындап, ол нан бағасының өсуіне түрткі болады.

"Астыққа қатысты жағдай биыл бүкіл дүние жүзінде қиындық тудырып отыр, негізгі астық өндіретін елдердегі өнім - қуаңшылықтан кеуіп, су тасқыны және тағы басқа апаттарға ұрынып отыр",- деп атап өтті Ф. Солиев.

Естеріңізге сала кетейік, Тәжікстан Республикасының Экономиканы дамыту министрлігі өткен аптада респблика үкіметіне астық бағасын реттеу жөніндегі бірнеше ұсынысын жіберген болатын. Атап айтқанда, ұсыныстардың бірі кәсіпкерлерді қолдауға, атап айтқанда қосылған құнға 10 пайызға дейін салық салуды төмендетуге бағытталған болатын. Үкімет тарапынан әзірге жауап келген жоқ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны