04.12.2006, 10:46 2720

Қазақстан мен Илемдік банк өзара түсіністік және шикізат өндіруші саладағы іс-қызметтің ашықтығы туралы келісімдерге қол қойды

АСТАНА. 4-желтоқсан. Kazakhstan Today. Республика үкімет басшысының орынбасары Кәрім Мәсімовтың АҚШ-тың Вашингтон қаласына екі күндік сапары аясында Қазақстан мен Илемдік банк өзара түсіністік және шикізат өндіруші саладағы іс-қызметтің ашықтығы туралы меморандумдарға қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, құжаттарда қарастырылған шаралар Қазақстан экономикасының бәсекелестік қабілетін арттыруға, мемлекеттік қаржыны басқару тиімділігін көтеруге, ашықтық жөніндегі бастаманы мейлінше белсенді жүзеге асыру арқылы шикізат өндіруші саланың кірісі мен төлемдерінің ашықтығын жетілдіре түсуге бағытталған.

Меморандумдарға сәйкес, Қазақстан үкіметі Илемдік банкпен бірлесіп бес жыл бойы мемлекеттік шығындардың ашықтығы, ықпалы мен тиімділігіне диагностика жасау үшін мемлекеттік қаржыны басқару жағдайына жыл сайынғы шолулар жасамақшы. Бірінші кезекте Қазақстан Республикасының білім және денсаулық сақтау саласындағы мемлекетті кбюджетті басқаруға талдау жасау межеленген.

Сонымен қатар Қазақстан үкіметі шикізат өндіруші саладағы іс-қызметтің ашықтығы туралы бастаманың барлық қырларын жүзеге асыруға, соның ішінде республикадағы шикізат өндіруші салалары - мұнай өндіру, газ өндіру және тау-кен өнеркәсібі секторларындағы компанияларды жаппай қатыстыру, есеп беру құжаттарының шынайылығына қол жеткізу, бастаманы жүзеге асыруды тұрақты қаржыландыруға міндеттеме жүктейді.

Илемдік банк техникалық көмек көрсетіп, ақыл-кеңестер береді.

Қазақстан шикізат өндіруші саладағы ашықтық туралы бастамаға қатысушы елдердің тобына 2005-жылдың қазан айында қосылған. Қазір бастамаға Қазақстанда жұмыс істейтін 46 компания бірікті. Тағы 166 кәсіпорынға үкімет бастамаға қатысу туралы ұсыныс жасады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны