18.04.2011, 12:38 4852

Қазақстан мен Үндістан Каспий қайраңындағы мұнай бөлігін бірлесіп игеру жөнінде келісім-шартқа қол қойды

Қазақстан мен Үндістан Каспий қайраңындағы мұнай бөлігін бірлесіп игеру жөнінде келісім-шартқа қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Астана. 18 - сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстан мен Үндістан Каспий қайраңындағы мұнай бөлігін бірлесіп игеру жөнінде келісім-шартқа қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Үндістан Республикасының Премьер-Министрі Манмохан Сингхпен кездескен.

"Ақордада өткен ресми рәсімнен кейін шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер болып өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх халықаралық және аймақтық ұйымдардың ынтымақтастығы мен екіжақты өзара іс-қимылдың едәуір өзекті мәселелері бойынша толықтай пікір алмасты", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Үндістан Премьер-Министрі қонақжайлық үшін алғысын айта келе, Мемлекет басшысын президенттік сайлаудағы тамаша жеңісімен құттықтады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға: Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы келісімге, "Жол картасы" аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Үндістан Республикасы Үкіметі арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту жөніндегі іс-қимылдың бірлескен жоспарына, үндістандық "ONGC Videsh Limited" компаниясының пайдасына "Сәтбаев" жобасының 25 пайыздық үлесін беру туралы келісім жөніндегі құжаттар топтамасына қол қойылды.

Ресми бағдарлама аяқталғаннан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх брифинг өткізді.

"Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх өз қызметінде алғаш рет ресми сапар жасап отыр. Ол Қазақстанға сайлау өткеннен кейін келген алғашқы шетелдік құрметті қонағымыз. Мен 2009 жылы Нью-Делиге сапарымды әрдайым есіме аламын. Өйткені мен сол уақытта Үндістанда ерекше мән берілетін үлкен мереке - Тәуелсіздік күні құрметті қонақ ретінде шақырылған едім. Үндістан Қазақстанның жетекші серіктесі, біздің ұлы көршіміз болып табылады, және біз барлық бағыттар бойынша қарым-қатынастарымызды кеңейтуге қызығушылық танытып отырмыз", - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, бүгінде орталықазия аймағындағы Үндістанның саудасының жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

"Бізде перспективалық жобалар, энергетика, жоғары технология, ауыл шаруашылығы, фармацевтика салаларындағы бірлескен жұмыстар аз емес. Дегенмен, сауда айналымы үлкен емес, дағдарыс жылында 24 пайызға төмендеді, алайда өткен жылы көтеріліп, дағдарысқа дейінгі деңгейге жетті, яғни 360 млн. долларға жуықтады. Бұл цифр екі елдің әлеуеттік мүмкіндігіне жауап бере алмайды. Осы сапар барысында қол қойылған Стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі іс-қимылдың бірлескен жоспары біздің бірлескен жұмысымыздың барлық саласындағы индустриалдық өзара іс-қимылымызға жаңаша серпін береді. Біз бүгін екіжақты қатынастардағы көршілер үшін өте маңызды құжатқа - құқықтық көмек көрсету туралы келісімге қол қойдық. Біз атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы келісімге қол қойдық. Үндістан атом электр стансалары арқылы электр қуатын өндіруді бес есеге арттыруды көздеп отыр. 2014 жылға қарай Қазақстан Үндістанға 2 мың тоннадан астам уран тасымалдайтын болады. Оны содан кейін өңдеу туралы келісімге қол жеткізілді - бұл өте маңызды, біз оны қолдауға дайынбыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұнайгаз саласындағы ынтымақтастық туралы бастама сапардың маңызды қорытындысы болды.

"Біз Каспий қайраңындағы мұнай бөлігін бірлесіп игеру жөнінде келісім-шартқа қол қойдық. Біз ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар, аталған перспективалық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылды белсенді жүргізу туралы келісім жасастық. Қазіргі кезде Алматы облысы, Қапшағайдағы ірі фармацевтикалық фабриканың құрылысы басталды. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Бізде тоқыма өнеркәсібі, медицина, Алматы мен біздің Халықаралық университеттегі IT-парктерінде жоғары технология бойынша ынтымақтастықтың жақсы перспективалары бар. Біз бұл туралы келісім жасастық. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаға үнділік компаниялардың қатысуы үшін үлкен перспективалар бар", - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бірлескен бизнес-форумдар өткізу жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Үнді компанияларының шикізат емес салаларға қатысу мәселесі келіссөздің аса маңызды тармақтары болды.

"Біздің сауда-саттығымызды көлік дәлізінің мәселесі қиындатып тұр. Тасымалдаудың қиын жағдайында өзара тиімді инвестицияларды дамыту - дұрыс қадам. Осы жылы біз елдеріміздің тікелей сауда-саттығы үшін үлкен мүмкіндіктер беретін Қазақстан - Түркіменстан - Иран - Парсы шығанағы жолының өзімізге қатысты бөлігін салуды аяқтаймыз", - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және өзге де аймақтық халықаралық құрылымдар желісі бойынша өзара іс-қимылдар дамуда. Қазақстан мен Үндістан өтіп жатқан оқиғалар бойынша бірдей пікірлерге ие. Аймақтағы саяси ахуал мәселесі де талқыланды.

Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх өз сапарының қортындысын табысты болды деп атады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны