14.06.2006, 10:28 2861

Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырымен тасымалдау туралы келісімнің жобасы дайын болды

БАКУ. 14-маусым. Kazakhstan Today. Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбыры жобасына біріктіру жөніндегі үкіметаралық келісімнің жобасы дайын болды. Бұл туралы 13-маусымда Изербайжанның өнеркәсіп және энергетика министрі Натик Илиев журналистерді құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Н.Илиевтің айтуынша, тараптар келісімнің барлық баптары бойынша мәмілеге келді, қазіргі жағдаймен шешімін таппаған мәселе қалған жоқ. “Құжат екі ел президентінің қарауына ұсынылды. Бұл келісімге Изербайжан президентінің Қазақстанға сапары кезінде қол қою туралы ұсыныс түсті”,- деді Н.Илиев.

Изербайжан президентінің Қазақстанға сапары 17-маусымға белгіленген. Ол Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес ұйымының саммитіне қатысады.

Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдау жөніндегі келіссөздер Изербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы мен “ҚазМұнайГаз ҰК” АҚ арасында 2002-жылдың қараша айында басталған. Қазақстан мен Изербайжан арасындағы үкіметаралық келісім жаңадан Ақтау-Баку жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жүйенің мұнай тасымалдау қуаты жылына 20 млн. тоннаны құрайды, алайда алғашқы кезеңде 7,54 мың тоннаға дейін мұнай тасымалданады деп күтілуде. Инвестиция көлемі үкіметаралық келісімге қол қойылғаннан кейін анықталады. Жаңа жүйе Қашаған кенішінен алғашқы мұнай тасымалдана бастайтын мерзімге дейін саланып бітеді.

Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil - 8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%.

Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Изербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны