31.10.2006, 11:36 6450

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұлттық валюта - теңгені таңбалауға байқау жариялайды

АЛМАТЫ. 31-қазан. Kazakhstan Today. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ұлттық валюта - теңгені таңбалауға байқау жариялайды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

"Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына ену ниетіне, алда тұрған ДСҰ-на кіру мақсатына, халықаралық экономикалық кеңістікке барынша кірігуге байланысты Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгенің өз белгісінің болуы өте маңызды. Ұлттық валютаның нышаны оның атрибуты болып табылады, теңгенің графикалық белгіленуін қолдана бастау ұлттық валютаның халықаралық сахнадағы беделінің нағаюына мүмкіндік жасайды",- делінген банк хабарламасында.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осыған байланысты дизайнерлер мен суретшілер арасында теңгенің нышанын әзірлеу үшін байқау жариялайды.

Байқау талаптарына сәйкес, теңгені таңбалайтын белгі қысқа әрі технологиялық болуы тиіс, яғни нышан кез келген тасымалдағышта бірдей қолайлы көрінуі, мөлшері өзгерген кезде оқылуының сақталуы, ақ-қара түспен басылған кезде түстердің қарама-қарсылығы сақталуы тиіс.

Байқау жеңімпазы 150 000 (бір жүз елу мың) теңге мөлшерінде ақшалай сыйлық алады. Байқауға қатысты өтінімдері ұсыну мерзімі - 2006 жылғы 20 қарашаға дейін. Ал байқау қорытындысын 2006 жылғы 10 желтоқсанға дейін шығарылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны