26.05.2010, 18:26 3380

Қазақстан үкіметі әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды толыққанды шешу мүмкіндіктерін босқа жіберіп алған - Есеп комитеті

Қазақстан үкіметі әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды толыққанды шешу мүмкіндіктерін босқа жіберіп алған - Есеп комитеті

Астана. Қазақстан үкіметі әлеуметтік-экономикалық мақсаттарды толыққанды шешу мүмкіндіктерін босқа жіберіп алған. Бұл туралы бүгін Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев 2009 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есебінің таныстырылымында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Сенаттың баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеевтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Үкіметі және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2009 жылға арналған республикалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есебінің таныстырылымы өтті. Шараға Қаржы және бюджет комитетінің басшысы Қайрат Есжанов төрағалық етті.

Талқыланған тақырып бойынша қаржы, экономикалық даму және сауда министрліктері мен Ұлттық банк өкілдері хабардар еткеннен кейін, депутаттар Есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаевтің есебін тыңдады.

Мекеме басшысының айтуынша, өткен жыл ішінде республикалық бюджеттің орындалуы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің оң әсерін тигізді. Қаралып отырған кезең ішіндегі бақылау шараларының қорытындыларын баяндай келіп, Есеп комитетінің басшысы "2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңның баптарының орындалу мәселелеріне кеңірек тоқталды.

Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын, стратегиялық жоспарлардың жүзеге асырылуын, мақсатты трансферттердің игерілуін, мемлекет активтерін басқару тетіктерін әзірлеуді бақылаудың жеткіліксіздігін атап өткен О.Өксікбаев республикалық бюджет қаржылары мен мемлекет активтерін тиімсіз пайдаланудың себептерін атады. Олардың қатарында Есеп комитетінің басшысы квазимемлекеттік сектор субъектілерінің стратегиясы жоқтығын, инвестициялық жобаларды таңдау барысында нарық сегменттерін маркетингтік талдаудың әлсіздігін, даму институттарының бос қаржыны екінші деңгейлі банктердегі депозиттерге орналастыру үрдісін атады.

Таныстырылым барысында депутаттар бюджет қаржыларының игерілмеуіне, бюджет түсімдерінің азаюына, жергілікті бюджеттерді әкімшіліктендіру жүйесін, мемлекеттік сатьп алуларды жетілдіруге қатысты мәселелерді көтерді. Депутаттар назарында сонымен қатар, атқару тәртібін бұзуға қатысты жауапкершілікті және қаржы мониторингі жүйесінің әлеуетін арттыру мәселелері де болды.

2009 бюджеттің кіріс бөлігі 100,4 пайызға орындалды. Оған негізінен, алдын-ала бекітілген жоспарды 2,7 пайызға, шығындарды 98,1 пайызға төмендету арқылы нақтылаумен қол жеткізілді. Игерілмеген қаржы көлемі 59,4 млрд теңгені құрады (39 бюджет бағдарламаларының әкімшіліктерінің тек 9-ы ғана қаржыны толық игерді).

2009 жылы 510,9 млрд теңге көлеміндегі тапшылықты өтеуге 650,4 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік несие тартылды. Сонымен қатар, 2008 жылмен салыстырғанда бюджет қаражатының еркін қалдығы 8,5 есеге ұлғайып, 56 млрд теңгені құрады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны