06.09.2007, 12:00 1997

Қазақстан үкіметі ENI корпорациясының Қашаған кеніші бойынша келісімнің шарттарын орындай алу мүмкіндігіне күмән келтіреді

Қазақстан үкіметі ENI корпорациясының Қашаған кеніші бойынша келісімнің шарттарын орындай алу мүмкіндігіне күмән келтіреді. Бұл туралы бүгін Астанада ІІ Еуразиялық энергетикалық форумда сөз сөйлеген республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлімдеді. "Қашағанды игеру жөніндегі консорциумға қатысушылардың кейінгі жылдары жүйелі сипатқа көшкен бізге түсініксіз әрекеттері Қазақстан үкіметін олардың келісімнің шарттарын орындай алу қабілетіне шәк келтіруге мәжбүрлеп отыр", - деп мәлімдеді үкімет басшысы.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 6 қыркүйек. АСТАНА. Қазақстан үкіметі ENI корпорациясының Қашаған кеніші бойынша келісімнің шарттарын орындай алу мүмкіндігіне күмән келтіреді. Бұл туралы бүгін Астанада ІІ Еуразиялық энергетикалық форумда сөз сөйлеген республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлімдеді.

"Қашағанды игеру жөніндегі консорциумға қатысушылардың кейінгі жылдары жүйелі сипатқа көшкен бізге түсініксіз әрекеттері Қазақстан үкіметін олардың келісімнің шарттарын орындай алу қабілетіне шәк келтіруге мәжбүрлеп отыр", - деп мәлімдеді үкімет басшысы.

Оның айтуынша, "Қашаған мұнайын коммерциялық мақсатта өндіре бастау мерзімінің шегерілуі мен кенішті игеруге жұмсалатын шығындардың екі еседен астам өсуі Қазақстан үшін күрделі әлеуметтік-экономикалық зардаптарға душар еткелі отыр". "Айталық, консорциумға қатысушылардың әрекеттері жобаның ақталу мерзімін шегеру мен өнімді бөлісуде республика үлесінің біршама азаюына апарып соғады. Ал бұл дегеніңіз - салынбаған мектептер, ауруханалар жолдар, ірі экономикалық және инфрақұрылымдық жобалардың кешеуілдеуі деген сөз", - деп түсіндірді ол.

К. Мәсімовтың пайымдауынша, мұндай жағдайда "үкіметке сайлаушылар алдында жүктеп алған міндеттемелерін орындау қиынға түспек". "Қазақстан мердігерлердің жобаны лайықты басқара алмау салдарынан өлшеусіз шығындарға батуынан экономикалық ауырпалыққа душар болуға келіспейді және оған жол бермейді", - деді үкімет басшысы. Ол "Қазақстан үкіметі жобаға қатысты мәселелерді жедел шешуге бағытталған ашық диалог жүргізуге дайын", деп сендірді. "Осы орайда бүкпесіз айта кетейін, Қазақстан заңнамасын бұзуға талпынатындар мен еліміздің ұлттық мүддесін елемейтіндер заңдарға және халықаралық стандарттарға сәйкес толық жауапкершілік жүктейтін болады", -деді ол.

К. Мәсімовтың айтуынша, "Қашаған жобасына қатысты ахуалды еліміз дербес жағдай деп бағалауда". "Мәселенің қалай шешілетініне қарамастан, Қазақстанның потенциалдық және қазіргі инвесторларының заңды мүддесіне нұқсан келмейді", - деді үкімет басшысы.

Еске сала кетейік, Қазақстан үкіметі Қашаған жобасы бойынша оператор болып табылатын Италияның ENI компаниясының жұмысына көңілі толмайтынын білдірген. Оған оператордың кенішті игеру үшін ұсынған шығындарының сметасы себеп болған. Оған сәйкес шығындар көлемі 57 млрд доллардан 136 млрд долларға дейін өспек. Сонымен бірге өнеркәсіптік мұнай өндіру мерзімі 2008 жылдан 2010 жылға дейін шегерілмекші. Қазақстан жағы ENI компаниясын оператор деген мәртебеден айыра алатынын мәлімдеді.

Бұдан кейін Қазақстанның табиғат қорғау мекемесі Қашаған кеніші бойынша табиғатты пайдалануға берілген рұқсатты тоқтатты. Ресми жорамалға сәйкес, мұндай шешім Agip KCO консорциумы тарапынан республиканың табиғат қорғау заңнамасын бұзуына байланысты қабылданды.

Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан Қашаған мұнай кеніші 2000 жылғы жазда "Восток-1" ұңғысымен ашылған. Бұл дүниежүзінде соңғы 30 жылда ашылған ең ірі кеніштердің бірі, геологиялық мұнай қоры 4,8 млрд тоннаны құрайды.

Солтүстік Каспий жобасын Agip КСО консорциумы жүзеге асырады, оның құрамына ENI (жобаның біртұтас операторы), Total, ExxonMobil, Royal Dutch Shell компаниялары енеді, олардың үлесі тиісінше 18,52% , ConocoPhillips - 9,26%, Inpex және "ҚазМұнайГаз" үлесі тиісінше - 8,33%-тен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны