16.01.2009, 17:40 3010

Қазақстанда 1,5 млн. адамның игілігі көлік саласының жай-күйіне байланысты - ҚР Көлік және коммуникация министрі

Қазақстанда 1,5 млн. адамның игілігі көлік саласының жай-күйіне байланысты - ҚР Көлік және коммуникация министрі

Астана. 16 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда 1,5 млн. адамның игілігі көлік саласының жай-күйіне байланысты. Бұл туралы кеше ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде өткен алқа мәжілісінде мекеме басшысы Серік Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Мәжілісте еліміздің көлік және коммуникация кешенінің 2008 жылғы даму қорытындылары мен 2009 жылдағы міндеттері қаралды.

Министр С.Ахметов өзінің "ҚР көлік және коммуникация кешеніндегі 2009 жылдағы дағдарысқа қарсы шаралар бағыттары" тақырыбындағы баяндамасында көлік саласында 300 мыңнан астам адам қызмет етеді, яғни олардың отбасы мүшелерін қоса есептесек 1,5 млн. адамның игілігі көлік саласының жай-күйіне байланысты, деді.

Оның айтуынша, дағдарысқа қарсы шаралардың бірінші кезектегі мақсаты - саланың тұрақты, үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету, еңбекпен қамтылуын сақтау мен ұлғайту.

Қойылған мақсатқа жету үшін дағдарысқа қарсы мынадай шаралар бағыттары белгіленді:

Бірінші бағыт. Ішкі ресурстарды жұмылдыру және шығындарды оңтайландыру. Саланың барлық тұлғаларына даму бағдарламаларын қайта қарауына және негізгі қызметінен инвестицияларға мораторий жариялауына тура келеді. Пайдалану мен операциялық қызметті тікелей қамтамасыз етумен байланысы жоқ шығындарды мүлдем тию қажет.

Екінші бағыт. Жіті ойластырылған тариф саясаты. Мұның алдында бірқатар инвестициялық жобалар жөнінде ұсыныстар енгізілген болатын, ал оларды қаржылық жағынан қамтамасыз ету үшін тарифтерді кезең-кезеңімен ұлғайту жөнінде шешімдер қабылданған болатын. Бүгінгі жағдай оларға өзгертулер енгізуді талап етуде. Ішкі оңтайландырудан түскен соманың, жоғалтқан кірістердің, тарифтің қазіргі деңгейінің қызметтерді тұтынушылар тарапынан төлеуге мүмкіндігі бар сұраныспен салыстыру маңызды. Осыған байланысты дағдарысқа қарсы икемді тариф саясатын қалыптастыру қажет.

Үшінші бағыт. Сатып алуларды оңтайландыру. Бүгінде қолданыстағы заңнама нормаларының талаптарына қатысты кедергілер жойылды. Тікелей өндірушілер мен сатып алушылардың арасында тікелей жеткізіліп берілетін ұзақ мерзімді салааралық келісім-шарттар жүйесіне көшу қажет. Сатып алудың бұл жүйесі бағаны едәуір төмендетуге және барлық делдалдардан бас тартуға мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт. Қарыз алуды шектеу саясаты. Дағдарыс жағдайында жеке меншік банктерден қарыз алу саланың қаржылық тұрақтылығына елеулі қатер туғызады.

Бесінші бағыт. Темір жол саласының бәсекелес секторын мемлекеттік реттеу. Дағдарыс жағдайында басқарудың неғұрлым оңтайлы құрылымына көшу қажет.

Төртінші бағыт. Білім беру және кадрларды қайта біліктендіру. Елбасының жаңа жыл қарсаңындағы кадрларды қайта біліктендіру жөнінде айтқан сөздеріне байланысты темір жол, авиация және теңіз мамандықтары бойынша кәсіптік-техникалық училищелер және басқа білім беру мекемелері арқылы кәсіптік білім беру бағдарламасы жасалып, қабылданатын болады.

Жұмыспен қамтылудың қысқаруына және дағдарыстың басқа құбылыстарына жол бермеу мақсатында министрлік бюджеттен тыс қаржы тарту және қазақстандық компаниялардың үлесін ұлғайту сияқты дағдарысқа қарсы маңызды мәселелер қарастырылуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны