02.05.2012, 16:15 4333

Қазақстанда 9 экономикалық аймақ бар

Оның ішінде үш экономикалық аймақ Индустрияландыру бағдарламасының аясында 2011 жылдың соңында нақты салалық бағыт бойынша құрылған.

Астана. 2-мамыр. Kazakhstan Today - Бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасында 9 арнайы экономикалық аймақ құрылған, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Оның ішінде үш экономикалық аймақ Индустрияландыру бағдарламасының аясында 2011 жылдың соңында нақты салалық бағыт бойынша құрылған.

Оларға жеке тоқталсақ, Қарағанды облысындағы "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағы металлургия және металл өңдеу саласына бағытталған. Алматы облысындағы "Қорғас-Шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағы көліктік-логистикалық саланы дамытуды мақсат тұтады. Ал Павлодар облысындағы "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы химия және мұнай химия өнеркәсібін дамытуды көздейді.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, жаңадан құрылған 3 экономикалық аймақтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін акционерлік қоғам түрінде басқарушы компаниялар құрылып, қазіргі таңда инфрақұрылым құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленіп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың шілдесінде Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" Заңы қабылданған. Құжат елімізге халықаралық тәжірибесі бар кәсіби басқарушы компанияларды тартуға, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа Заң инвесторға "бір терезе" қағидасы бойынша қызмет көрсетеді, бұл инвестордың арнайы экономикалық аймақ аумағына тіркелуін және қажетті құжаттарды алуын тездетеді.

Қазіргі салықтық жеңілдіктермен қатар, қосымша құн салығы, жерге арендалық төлем, әлеуметтік салықтар және амортизацияның (өтемпұлдың) шекті нормасын 15 пайыздан 40 пайызға дейін арттыру сияқты қосымша салықтық жеңілдіктер бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны