24.02.2009, 19:09 3166

Қазақстанда девальвацияның екінші толқыны болмайды - Ұлттық банк басшысы (толық нұсқасы)

Қазақстанда девальвацияның екінші толқыны болмайды - Ұлттық банк басшысы (толық нұсқасы)

Алматы. 24 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда девальвацияның екінші толқыны болмайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко бүгін өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"4 ақпанда Ұлттық банк бір доллар үшін 150 теңге плюс/минус 5 теңге деген жаңа дәліз жариялап, теңгенің құнсыздануына байланысты әрбір жұма-сенбі сайын дүйсенбіде, немесе, осы жолы сейсенбіде девальвацияның екінші толқыны болады-мыс деген дақпырт таратылуда. Мұндай жағдай тек Алматы мен Астанада ғана байқалуда. Алматыда мұндай жайт көбірек кездеседі", - деді Г. Марченко.

"Біз бұл - орта мерзімдік бағдар екенін айттық. Осы дәлізді ұстап тұратын боламыз. Бұл бір ай немесе 3 ай ғана созылады екен деген әңгімелер бар. Мәлімдемелерді бұрмалап түсіндіруді ұнататындардың назарына, орыс тілінде орта мерзімді деген сөз 1 жылдан артық мерзімді білдіреді", - деді Ұлттық банк басшысы.

Ол барлық облыстарда қолма-қол валютаның жеткілікті қоры бар екенін атап өтті. "Қазір жалпы алғанда елде шамамен 450 млн доллар көлемінде қолма-қол валюта бар. Қажет болып жатса - тағы да әкелеміз...", - деді Г. Марченко.

Ұлттық банк басшысы жекелеген валюта айырбастау орындарына қатысты проблема бар екенін атап өтті. "Өкінішке орай, жекелеген валюта айырбастау орындары түнде валюта сатпай қояды, немесе, валюта жоқ деп алып, арт жақтағы қақпа арқылы әсіре жоғары нарықтық бағам бойынша ұсына қояды. Ал күндіз әлгі ақша айырбастау орындары қалыпты жұмыс істейді",- деді ол.

"Мұндай оқиғалармен күресу біршама қиындық тудырады. Біз бірақ күндіз тексеру үшін сатып алулар жасаймыз. Ол кезде бәрі дұрыс болып шығады... Қазір біз кейбір банктермен түн мезгілінде де жұмыс істеу жөнінде келісімге келу жағын қарастырып жатырмыз", - деді Г. Марченко.

Сонымен бірге ол ақша деноминациясы туралы дақпырттарды да жоққа шығарды. "Бүгін бе, ертең бе ақшаның деноминациясы болады, яғни, банкноттар ауыстыралады деген қауесеттерді тарататын адамдар бар. Ешқандай деноминация болмайды. Бұл тіпті қысқа мерзімде техникалық тұрғыда мүмкін емес. Өйткені, дизайн бекітілген сәттен бастап жаңа банкнотты айналымды шығаруға 1,5 жыл керек, ал дизайнды мемлекет басшысы бекітеді, ал біз оған ешбір жоба ұсынған емеспіз", - деді банк басшысы.

"Меніңше, мұндай дақпырттарды тарату әр жұма немесе сенбі сайын тағы да 2-3 аптаға созылуы мүмкін, сосын олар да шаршайтын шығар", - деді Г. Марченко.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны