08.06.2007, 13:40 2739

Қазақстанда экономиканы әртараптандыруды шағын бизнесті қолдаудан бастау керек - Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығының басшысы

АЛМАТЫ. 8 - маусым. Kazakhstan Today. Қазақстанда экономиканы әртараптандыруды шағын бизнесті қолдаудан бастау керек. Кеше өткен "Қазақстан экономикасын әртараптандыру. Еуропа тәжірибесін пайдалану мүмкіншілігі" тақырыбындағы "дөңгелек үстел" барысында Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығының президенті Талғат Акуов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Қазақстанда экономиканы әртараптандыру үшін бірінші кезекте бәрін шағын бизнестен бастау керек... Еуропа тәжірибесі тамаша. Біз олардан салық және әкімшілік кодекстерін алдық. Алайда, шағын бизнеске қолдау көрсетуге қатысты нәрсенің барлығын сыпырып тастадық", - деді Талғат Акуов.

Оның айтуынша, негізінен республикада кәсіпкерлер өнеркәсіп құралдарын алмастыру үшін, біріншіден, 30 пайыз кіріс салығы, сосын 10 пайыз корпоративтік салық төлеп барып қана жаңа құралды сатып алуға болады. Ал шетелдерде барлық салық жойылған. Кәсіпорынның табысты бөлігі кәсіпорынды дамытуға, жаңа құралдар алуға, инновацияға және т.с.с. жұмсалады. "Мұндай заңнамалық мүмкіндіктер бізге әзірге жетіспеуде", - деп атап өтті Т. Акуов.

Сонымен қатар, қазақстандық бизнесмендерге министрліктен жеңілдіктер алу үшін көптеген рұқсат беретін процедуралардан өту керек. "Мұндайға шағын бизнес тәуекел етпейді. Іс жүзінде мұндай процедураға ол тіпті де дайын емес. Шетелде, әсіресе, Еуропада егер сен өндіріс орнын ашсаң, бұл туралы салық органына хабарласаң және статистикалық карточкаға өндірістік кәсіпкер ретінде тіркелсең сен үш жылға корпоративті салықтан босатыласың. Сондықтан салық қызметкерлерінен қашудың еш қажеттілігі жоқ", - деп мәлімдеді Кәсіпкерлердің тәуелсіз ассоциациясының президенті Талғат Акуов.

"Бізде оның үстіне көбісі техника мен құрал-жабдықтарды несиеге, лизингіге немесе жалдап алады. Оларға алғашқы үш жылында аяқтарына тұрып кету керек. Еуропада, Америкада бұл заңнамаға енгізілген. Сондықтан, кәсіпкер министрлікте осы мәселе бойынша қандай да бір жеңілдіктер берілгендігін дәлелдеудің еш қисыны жоқ", - деді ол. "Қаржы министрлігінде осы күнге дейін заңнаманың өзін өзгерту қажеттігін түсіне алар емес, кәсіпкерлермен келісімге келмейді", - деп санайды Кәсіпкерлердің тәуелсіз ассоциациясының президенті.

Талғат Акуов, сондай-ақ, елімізде импорттың орнын басу және бизнес-инкубаторларды дамыту бойынша бағдарламалар жүзеге асырылғанын еске салып өтті. "Бұл бағдарламалардың барлығы дамыған жоқ. Қазіргі күні "Қазына" қорының болғаны да жақсы, алайда шағын бизнес үшін ол да еш нәрсемен көмектесе алмайды", - деп Талғат Акуов өз ойын білдірді. "Үкімет шағын және орта бизнес салаларын дамытуға айтарлықтай көңіл бөліп отырған жоқ. Бізде әлі ұран көп, ал іс жүзінде пайдалану, қолдану жоқтың қасы", - деп сөзін қорытындылады Талғат Акуов.

Оның берген ақпаратына сәйкес, Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығына шамамен алғанда бүгінгі күні 2 200 кәсіпкерлік құрылым мен 700 қауымдастық кіріп отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны