16.05.2012, 10:42 3298

Қазақстанда рұқсат беру құжаттарын 30 пайызға қысқарту жоспарлануда

Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында, лицензиялар мен рұқсат беру құжаттарының барлық түрін 1/3 қысқартуды қамтамасыз ететін заң жобасын таныстырды.

Астана. 16-мамыр. Kazakhstan Today - Қазақстанда рұқсат беру құжаттарын 30 пайызға қысқарту жоспарлануда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында, лицензиялар мен рұқсат беру құжаттарының барлық түрін 1/3 қысқартуды қамтамасыз ететін заң жобасын таныстырды.

Елбасы Н.Назарбаев "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Жолдауында Үкіметке рұқсат беру құжаттарының тізбесін 30 пайызға қысқарту туралы тапсырма берген болатын.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына сәйкес рұқсат беру құжаттарын қысқарту және лицензияларды электрондық форматта беруді қамтамасыз ету қарастырылуда. Оған қоса, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметтерін оңтайландыру, шағын, орта және ірі кәсіпкерлікті анықтау өлшемдерін қайта қарау міндеті тұр.

Министрдің хабарлауынша, рұқсат беру қағаздары 30 пайызға қысқартылады. Атап айтқанда, үлкен қауіп-қатерлерден қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейтін 257 рұқсатнаманың күшін тоқтату, азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей тәуекелмен байланысы жоқ, тек ақпараттық мазмұнға ие 40 рұқсатнаманы хабарлама форматына ауыстыру қарастырылып отыр.

Заң жобасында алғаш рет хабарлама шарты енгізілуде. Яғни, рұқсат беру процедураларынан өтудің орнына, кәсіпкер өз жұмысын бастайтыны туралы Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе Электрондық үкімет порталы арқылы хабар берсе болғаны, бақылаушы органдар оны қызмет барысында тексеретін болады. Және кәсіпкер осы хабарламаны жасағаннан кейін өз қызметін бастай беруге құқылы.

Заң жобасын қабылдау бизнеске түсіп отырған әкімшілік жүктемені едәуір азайтады және кәсіпкерліктің әрі қарай дамуына серпін береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны