19.06.2009, 13:20 3335

Қазақстанда шілде айының ортасынан бастап Еуро-2 стандарты енгізіледі - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі

Қазақстанда шілде айының ортасынан бастап Еуро-2 стандарты енгізіледі - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі

Астана. 19 маусым. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда шілде айының ортасынан бастап Еуро-2 стандарты енгізіледі. Бұл туралы бүгін Астанада Еуро - 2 халықаралық техникалық және экологиялық стандартын енгізу мәселесіне арналған баспасөз конференциясында мәлім болды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Конференцияға көлік және коммуникация, индустрия және сауда, сыртқы ортаны қорғау министрліктерінің, жол полициясы мен кедендік бақылау комитеттерінің өкілдері, отандық автомобиль өндірушілері мен делдалдары қатысты.

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметінше, Еуро нормасы - бұл автокөлік құралдары шығарған газдарының улы заттарын шектеу және автокөлік техникасы үшін жанармай сипаттамасына қойылатын талаптар. Бұл талаптар, ең алдымен, автокөлік өндірушілерге арналған.

Ен алғашқы жалпы еуропалық Еуро-1 улы заттар нормалары 1993 жылы енгізілді. 1996 жылы Еуро-2 нормалары енгізілді: шығындыларға қойылатын талаптар 1,5 есе қатайтылды, оны тек қана жанар-жағармай жіберу және катализдік бейтараптандырушы жүйелері бар жанармай қозғалтқышы бар көліктер сай келетін болды. Еуро-3 нормалары Еуропа елдерінде 2000 жылы енгізіліп, Еуро-2-мен салыстырғанда салқындатып іске қосу параметрлерін айқындап, Еуро-2 нормаларына қарағанда улы заттардың шекті шығындылар көлемін 25 пайыз мөлшерінде қысқартады (Еуро-1 нормаларымен салыстырғанда екі есе). Бүгін күні Еуропа Еуро-3 салыстырғанда барлық көрсеткіштер бойынша нормалары екі есе қатайтылған Еуро-4 стандартына көшті.

Жақын шетел аумағында Еуро-2 Ресейде, Украинада және Өзбекстанда енгізілді.

Қазақстанда Еуро халықаралық техникалық және экологиялық стандарттарын енгізу үшін Қазақстан Республикасы үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1372 қаулысымен Қазақстан Республикасының аумағында айналымға шығарылатын автокөлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттар шығындыларына қойылатын талаптар туралы Техникалық регламент бекітілді. Бұл құжат Еуро стандарттарын енгізуді кезең-кезеңмен жүзеге асыруды көздейді.

Мысалы, автокөлік құралдары үшін Еуро-2 экологиялық кезеңі 2009 жылғы 15 маусымнан, Еуро-3 - 2011 жылғы 1 қаңтардан, ал Еуро-4 - 2014 жылғы 1 қаңтардан басталады.

Жанар-жағармайға қарасты айтатын болсақ, Еуро-2 стандарты 2010 жылғы 1 қаңтардан, Еуро-3 - 2014 жылғы 1 қаңтардан, ал Еуро-4 - 2016 жылғы қаңтардан кешіктірмей енгізілуі тиіс.

Еуро стандартын енгізілуімен Қазақстан аумағына аталған стандарттарға сәйкес келмейтін көлікті әкелуге және өндіруге тыйым салынып, олар үшін өндірілетін жанар-жағармай сапасын жақсарту қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бұл пайдаланудағы автокөлік паркін жаңартуға, экологиялық мәселелерді (оның ішінде ірі қалаларда) шешуге және жол қауіпсіздігі деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Айта кететін жайт, Еуро-2 енгізілуімен 1997 жылға дейін, ал Еуро-3 енгізілуімен (2011 жылдан бастап) 2001 жылға дейін шығарылған еуропалық автомобильдерді әкелуге тыйым салынады. Бірақ, аталған жаңа экологиялық талаптар қолданыстағы автокөліктерге қатысты болмайды, оларды толықтай амортизациялағанға және біржола тозғанға дейін қолдануға болады, деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігі.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны