01.10.2009, 12:57 2502

Қазақстанда үш банк жабылу қаупі бар аймақта тұр - Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігі

Қазақстанда үш банк жабылу қаупі бар аймақта тұр - Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігі

Астана. 1 қазан. Kazakhstan Today - Қазақстанда үш банк жабылу қаупі бар аймақта тұр. Бұл туралы бүгін парламент сенатында журналистерге берген сұхбатында Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымы Елена Бахмутова мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Бүгінгі жағдаймен үш банк стратегиялық инвесторды іздестіріп жатқанын мәлімдеді, қазір олар осы мәселемен айналысып жатыр. Бұлар - "Данабанк", "Казинкомбанк" және "Метрокомбанк", - деді Е. Бахмутова.

"Олар тәуекелі бар аймақта, өйткені, олар капиталдың жеткілікті болуы жөніндегі норманы орындау үшін стратегиялық инвесторды табуы қажет. Олар өздерінде потенциалдық стратегиялық инвесторлары бар екендігі туралы құжаттар тапсырды, бірақ бұл осы инвесторлар реттеушінің талаптарын қанағаттандырады және олар инвестор болады дегенді білдірмейді. Сол себепті де аталған банктер жабылу қаупі бар аймақта", - деді ол.

Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің төрайымы еске салып өткендей, бүгіннен бастап банктің меншіктегі капиталын ұлғайту жөніндегі былтыр қабылданған норма күшіне енеді. "1 қазаннан бастап банктің меншіктегі капиталының ең төменгі абсолютті көлемі 5 млрд теңгеден кем болмауы тиіс. Бірақ өңірлерде жұмыс істейтін, яғни, Алматы мен Астанада тіркелмеген банктерге бұл норма жүрмейді, мұндай банктердің меншіктегі капиталының мөлшері 2 млрд теңге болмақ. Бірақ ол үшін олар бірқатар шарттарды орындауға тиіс", - деді ол.

Атап айтсақ, Е. Бахмутованың айтуынша, мұндай банктер "негізінен Алматы мен Астанадан тыс жерлердегі несие алушыларды несиелендіруге, және өзінің депозиттік базасының 50% -ынан кем түспейтін көлемде тағы да Алматы мен Астанадан тыс жерлерде тұратын халықтың есебінен депозиттер тартуға тиіс".

"Бұл дегеніңіз, ертеңнен бастап осы норманы орындамайтын банктер тәуекел аймағына жатқызылады дегенді білдіреді. Олар жабылады деп ешкім айтқан жоқ. Одан әрі Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттігінің құзыретіндегі шаралар, атап айтсақ, ықпал шаралары мен санкциялар қолданылады", - деді төрайым.

"Үш банк капиталды ұлғайтуға қажетті шараны қабылдады. Тағы да үш банк өңірлік банк ретінде қайта құрылуда, яғни, олар үшін 2 млрд теңге жеткілікті. Ал қалған үш банк - "Данабанк", "Казинкомбанк" пен "Метрокомбанк" - стратегиялық инвесторды іздестіріп жатқанын мәлімдеді ", - деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны