21.07.2015, 16:24 3248

Қазақстанда жария етілген мүлік сомасы 292 млрд теӊгені құрады - ҚР Қаржы министрлігі

2014 жылдыӊ 1 қыркүйегінен бастап жүргізіліп келе жатқан жария ету нәтижелері бойынша Қазақстанда заӊдастырылған мүлік сомасы 292 млрд теӊгені құрады, деп мәлімдеді бүгін ОКҚ брифингінде ҚР қаржы вице-министрі Ардақ Теӊгебаев

Астана. 21 Шілде. Kazakhstan Today - 2014 жылдыӊ 1 қыркүйегінен бастап жүргізіліп келе жатқан жария ету нәтижелері бойынша Қазақстанда заӊдастырылған мүлік сомасы 292 млрд теӊгені құрады, деп мәлімдеді бүгін ОКҚ брифингінде ҚР қаржы вице-министрі Ардақ Теӊгебаев, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Бүгінгі таӊда 292 млрд теӊгеге мүлік жария етілді", - деді А.Теӊгебаев, деп хабарлайды primeminister.kz тілшісі.

Атап айтқанда, ол Қазақстан Республикасы аумағындағы мүлік бойынша жалпы сомасы 219 млрд теӊгені құрайтын 30 900 нысан мен құнды қағаздар жария етілгенін, ал Қазақстан аумағынан тыс жерлерде орналасқан мүлікті заӊдастыру бойынша 636 млн теӊгеге 17 нысан мен құнды қағаздар жария етілгенін және ақшалай жария ету 73 млрд теӊгені құрағанын айтып өтті.

Вице-министрдіӊ айтуынша, "Жария ету мәселелері бойынша кейбір заӊнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" жаӊа заӊ жобасына сәйкес ҚР аумағындағы жылжымалы мүліктерді жария етуді алым төлеместен Мемлекеттік кірістер комитетіне декларациялар ұсыну жолымен өткізу қарастырылған.

"Ал, Қазақстанныӊ аумағынан тыс жерлерде орналасқан мүлікті жария ету бойынша 10% алымды төлей отырып, Мемлекеттік кірістер комитетіне декларация ұсыну жолымен заӊдастырса да болады. Сонымен бірге, осы мүлікті бағалау құнынан 10% көлемде алым төленеді, бағалауды осы мүлікті жария ететін тұлға жүргізеді", - деп толықтырды ол.

Сондай-ақ, заӊ жобасымен мүлікті жария ету шарасын 2016 жылдыӊ 31 желтоқсанына дейін ұзарту көзделген.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны