12.10.2007, 17:23 3815

Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төмендеуде - премьер

Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төмендеуде.

Астана. 12-қазан. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төмендеуде. Бұл туралы бейсенбі күні Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үкімет мүшелерімен кездесуі барысында Кәрім Мәсімов мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Республикамыздың еңбек нарығындағы жағдай жұмыспен қамтылған азаматтар саны мен халықтың экономикалық белсенділігінің өсуі есебінен жұмыссыздық деңгейінің тұрақты төмендеуімен сипатталады", - деді Кәрім Мәсімов. Оның айтуынша, жұмыссыздық деңгейі 2007 жылдың 8 айында 7,2 пайызға дейін азайған. Осыдан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 7,5% құраған еді.

"Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты өсуде. Халықтың нақты ақшалай табыстары биылғы жылдың алғашқы 8 айында өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға жуық, нақты жалақы 20 пайызға өскен", - деп хабарлады К. Мәсімов.

Премьер-министр атап өткендей, жалпы алғанда биылғы жылдың 9 айы ішінде экономикалық өсудің жоғарғы қарқыны сақталып қалған. "Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің динамикасы біздің жоспарларымыз бен болжамдарымызға сай келді", - деді үкімет басшысы.

Премьер Статистика агенттігінің мәліметтерін келтірді. Оған сәйкес, жалпы ішкі өнімнің өсуі 2007 жылдың 8 айында өткен жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 10,2 пайызды құраған.

"Экономиканың өсуі барлық негізгі салалардағы өндірістің өсуімен байланысты", - деп түсіндірді премьер. Оның ақпаратына сүйенсек, үстіміздегі жылдың 9 айында өткен жылдың осындай мезгілімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің өсуі 103%, көлік қызметі - 105%, байланыс 134% құраған. Өнеркәсіп өнімінде айтарлықтай өсу байқалып отыр. Оның жалпы көлемі 5%-ға артқан. "Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу көрсеткіші 7,5% құрағаны ерекше маңызды", - деп атап көрсетті К. Мәсімов.

Сонымен бірге, үкімет басшысы атап өткендей, негізгі капиталдағы инвестиция 2006 жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 10,8 пайызға ұлғайған. "Өңдеу секторына капитал салу 35 пайызға артса, электр энергиясын, газ және су өндіруде бір жарым еседен артық өсім байқалып отыр", - деді К. Мәсімов.

Кәрім Мәсімовтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер де болжамдарға сай келеді және үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде 1,8 триллион теңгеден аса соманы құраған.

Сонымен бірге, үкімет жетекшісі инфляция деңгейі биылғы жылдың 9 айында 8,6 пайызды құраған. Бұл өткен жылдың осындай мезгілімен салыстырғанда 2,7 пайызға артық. "Сонымен бірге үкімет әкімдермен бірлесе отырып, халыққа қосымша мекенжай көмегін көрсету шараларының кешені жасалды", - деп атап көрсетті ол.

Кәрім Мәсімов сондай-ақ, үстіміздегі жылдың IV тоқсанында үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау агенттігімен бірлесе отырып, келісілген макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету саясатын жалғастыратынын атап көрсетті. "Біз қаржы нарығындағы жағдайды бақылауды күшейттік, тұрақты негіздегі қатаң ақша-несие және салықтық-бюджеттік саясатты жүргізуді жалғастырамыз", - деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны