19.05.2008, 17:23 3044

Қазақстандағы инфляцияға қатысты ахуал - ТМД аясында ең бақылаудағы сала - Сәйденов

Қазақстандағы инфляцияға қатысты ахуал - ТМД аясында ең бақылаудағы сала - Сәйденов

Астана. 19 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстандағы инфляцияға қатысты ахуал -ТМД аясында ең бақылаудағы сала. Бүгін экономиканы модернизациялау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Инуар Сәйденов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Біз жалпы ТМД, Шығыс және Орталық Еуропа елдеріндегі ахуалға мониторинг жүргіздік. Еліміздегі инфляцияға қатысты ахуал -ТМД аясында ең бақылаудағы сала екенін айта кетуге тиіспін. Өйткені, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша үш айда жинақталған инфляция көрсеткіштері ТМД елдері аясындағы ең төмен көрсеткіш болды", - деді И. Сәйденов.

"Яғни, біз қаржылық жүйенің тұрақтылығын сақтап қалу және инфляцияны бақылауда ұстау мақсаттарын шешу аясында белгілі бір теңгерімге қол жеткізе алып отырмыз", - деді ол.

Қазақстанда ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында инфляция деңгейі 2,5% құрағанын еске салған еліміздің экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов И.Сәйденовтың айтқанын құптады. "Бұл экономикалық құрылымы біздің елге ұқсас кейбір елдермен салыстырғанда біршама төмен. Мәселен, Латвия мен Болгарияда ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында инфляция деңгейі тиісінше 5,7 және 3,5% құрады, ал ТМД елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы инфляция ең төмен көрсеткіштердің біріне тең", - деді министр.

Оның мәліметінше, Ресейде ағымдағы жылдың наурыз айында 2007 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда инфляция 4,8%-ға, Украинада 9,7%-ға, Изербайжанда 8%-ға, Қырғызстанда 6,1%-ға, Беларусь пен Молдовада 4,1%-ға жеткен. Осы орайда И. Сәйденовтың айтуынша, "Украинада инфляциямен күреске басымдық берілген, сөйтіп, Украина Ұлттық банкі аса қатаң ақша-несие саясатын жүргізуде, онда ликвидтілік (қолма-қол ақша) аса төмен мөлшерде берілген".

"Соның нәтижесінде оларда банкаралық қарыздар нарығында ставкалар біршама, әсіресе, наурыз-сәуір айларында ол тіптен өскен, бірақ соған қарамастан олар инфляцияны ауыздықтай алмады", - деді ҚР Ұлттық банкінің төрағасы.

Сонымен бірге, И. Сәйденовтың пайымдауынша, қазір Қазақстанда монетарлық факторлар инфляция деңгейінің қалыптасуында айқындаушы фактор бола алмайды. "Осыған байланысты инфляциялық процестерді бақылауда орталық үкімет пен әкімшіліктердің ролінің маңызы арта түсті, меніңше, осы проблемаларды шешуде барлық назар соларға шоғырлануға тиіс", - деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны