23.10.2009, 16:47 3943

Қазақстанға 2008 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындар өндіргендей көлемдегі, 604,7 млрд теңгенің өнімі импортталды

Қазақстанға 2008 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындар өндіргендей көлемдегі, 604,7 млрд теңгенің өнімі импортталды

Семей. 23 қазан. Kazakhstan Today - Қазақстанға 2008 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындар өндіргендей көлемдегі, 604,7 млрд теңгенің өнімі импортталды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Алматы және Оңтүстік Қазақстандық әріптестерімен кездесуі кезінде мәлім болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Шығысқазақстандық тауар өндірушілердің қазақстандықтарға ұсынар өнімдері аз емес. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған өңірдің ірі кәсіпорындарының басшылары аймақта шығарылатын өнімдердің тұсаукесерін өткізуде. Машина жасау, ағаш өңдеу, жеңіл, қайта өңдеу өнеркәсіптері және құрылыс саласының кәсіпорындары кеше Алматыға және Шымкентке жол тартты, одан кейін аялдау мекені Қызылорда.

2009 жылдың 9 айында облыста 316,6 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылып, өнеркәсіптік сипаттағы қызметтер көрсетілді. Өңірдегі жағдайды саралау үшін өндірілетін және жеткізілетін тауарлардың балансы жасалған еді. Сырттан әкелінетін тауарлармен салыстырғанда жаңағы жасалған баланс өңірде шығарылған өнімдерді сатуға зор мүмкіндік береді.

Айталық, өткен жылы облыста шығарылатын өнімдердің орнына республикаға осы сынды 604,7 млрд. теңгенің тауарлары әкелінген, оның ішіндегі 130 млрд. теңгесі Алматы қаласына тиесілі. Бұл соманың 67,2 млрд. теңгесі жеңіл автокөліктерге, 12,4 млрд. теңгесі электротехникалық өнімдерге, 3,3 млрд. теңгесі конденсаторлар мен конденсаторлық қондырғыларға, 1,8 млрд. теңгесі автобустарға, 12,5 млрд. теңгесі цементке, 800 млн. теңгесі минералды бұйымдарға, 495 млн. теңгесі ағаш-үгінділі тақташаларға кеткен шығындар екен. Ал Оңтүстік Қазақстанға 9 млрд. теңгенің өнімдері сырттан келеді. Оның 1,5 млрд. теңгесі жеңіл автокөліктерді, 500 млн. теңгесі электротехникалық өнімдерді, 478 млн. теңгесі конденсаторлар мен конденсаторлық қондырғыларды, 55 млн. теңгесі автобустарды, 1,3 млрд. теңгесі цемент, 142 млн. теңгесі ағаш-үгінділі тақташаларды алуға жұмсалып отыр.

Алматы және Оңтүстік Қазақстандағы әріптестерімен кездескенде Бердібек Сапарбаев жоғарыда аталған өнімдер "Азия Авто" АҚ, "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС, "КЭМОНТ" АҚ, "Өскемен конденсатор зауыты" АҚ, "Қазэлектромаш" ЖШС, "Бұқтырма цемент компаниясы" АҚ, "Семей" цемент зауыты" ЖШС, "Восток Универсал" ЖШС, "Иртыштрансойл" ЖШС және мүмкіндіктерін толығымен пайдаланбай отырған өзге де кәсіпорындарда шығарылатынын атап көрсетті. Облыста өндірілетін бұл өнімдердің барлығы сертификатталған және халықаралық стандарттарға сай келеді.

Өңірлердің дамуы және қазақстандық өнімдердің үлес салмағын ұлғайту жөніндегі кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мәулен Мұқашевпен және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовпен жасасқан өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Қол қойылған аталмыш құжаттар арқылы тараптар өнеркәсіп және кәсіпкерлік салаларындағы отандық өндірісті ынталандыру үшін барлық талаптарға сай жаңа технологиялар мен жобаларды игеруге келісті.

Ал бүгін шығысқазақстандық өнімдердің кезекті тұсаукесері Қызылордада өтеді. Айта кететін жағдай, осы өңірге былтырғы жылы 6,5 млрд. теңгенің өнімдері әкелінген. Жеңіл автокөліктерге 312,0 млн. теңге, автобустарға 15 млн. теңге, электротехникалық өнімдерге 1,4 млрд. теңге, конденсаторлар және конденсаторлық қондырғыларға 353 млн. теңге, цементке 760 млн. теңге, ағаш-үгінділі тақташаларға 1,4 млн. теңге қаражат кеткен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны