19.04.2007, 16:36 3694

Қазақстанның ауылшаруашылығы министрлігі болашақ астық түсіміне ойдағыдай болжам жасап отыр

АСТАНА. 19-сәуір. Kazakhstan Today. Қазақстанның ауылшаруашылығы министрлігі болашақ астық түсіміне қатысты ойдағыдай болжам жасап отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Биыл ылғал қоры мол, дайындалған тұқымның сапасы жоғары, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және техникамен жарақтау деңгейі өткен жылдардағы жағдаймен салыстырғанда анағұрлым жоғары",- деді мекеме басшысы Ахметжан Есімов министрліктегі алқа мәжілісінен кейін журналистерге берген сұхбатында. "Сол себепті сенім мол",- деді ол.

Сонымен бірге министрдің айтуынша, "тұқым дайындау мен жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге қатысты тауқымет жоқ". "Қазақстандық дихандар науқанға дайын",- деді А.Есімов.

Министрдің айтуынша, 15-мамырға дейін еліміздің негізгі астықты өңірлері - Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында егінді қолға алу көзделуде.

Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда ағымдағы жылы жаздық және бұршақты дақылдарға арналған егіс алаңдарының аумағы 13,9 млн гектарды құрайды. "Биыл мемлекет субсидия бөлінетін басым дақылдарды айқындап берді. Осыған байланысты аталған 14 млн гектардың аясында егіс алқаптарының құрылымында өзгерістер болып, экономикалық тұрғыда тиімді дақылдарға арналған алқаптар ұлғайтылуда",- деді А.Есімов.

Атап айтсақ, ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің егін шаруашылығы және фитосанитарлық қауіпсіздік департаментінің директоры Анна Гусьтің хабарлауынша, "егіс алқаптары құрылымында бидай егілетін алқаптардың үлес салмағын 2006-жылғы 67,5%-тен 66,5%-ке дейін азайту межеленген". Сонымен бірге арпалы алқаптарды 39,8 мың гектарға, сұлылы алқапты 20,4 мың гектарға, жүгері егілетін алқаптарды 7,7 мың гектарға, қарақұмықты алқаптарды 11,9 мың гектарға және рапсты алқаптарды 57,8 мың гектарға арттыру жоспарланған, деді А. Гусь.

Тұтастай алғанда, департамент директорының хабарлауынша, жаздық бидай мен бұршақты дақылдар 13,9 млн га, соның ішінде жаздық бидай 11,5 млн га, майлы дақылдар 702,4 мың га алқапты иемденбек. Мақта мен күріш егілетін алқаптар тиісінше 1 мың және 1,8 мың гектарға қысқарады.

Сонымен қатар ағымдағы жылы жеміс-жидек дақылдарына арналған алқаптар ауқымы 2,8 мың гектарға, жүзім алқаптары 1,2 мың гектарға артады, деді А.Гусь.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны