31.10.2007, 16:30 6313

Қазақстанның энергетикалық станцияларына көмір жіберетін вагондардың жеткіліксіздігі проблемасын шешу үшін оперативтік штаб құру қажет - Мыңбаев (толық нұсқа)

Қазақстанның энергетикалық станцияларына көмір жіберетін вагондардың жеткіліксіздігі проблемасын шешу үшін оперативтік штаб құру қажет - Мыңбаев (толық нұсқа)

Астана. 31 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтың пайымдауынша, Қазақстанның энергетикалық станцияларына көмір жіберетін вагондардың жеткіліксіздігі проблемасын шешу үшін оперативтік штаб құру қажет. Министр бүгін Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде өткен алқа мәжілісінде осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Қазіргі ең өзекті мәселе - вагондар тапшылығы, біз бұл тауқыметті алқа мәжілісі деңгейінде шеше алмаймыз, оны тек Көлік және коммуникациялар министрлігімен және Қазақстан Теміржолымен бірлесе шешуге болады", - деді С. Мыңбаев.

"Сол себепті бұл мәселені үкіметтік деңгейге шығару қажет, сонда ғана біз Көлік және коммуникациялар министрлігімен бірлесе отырып, осы кезеңде солтүстіктегі станциялар мен Алматыдағы станцияларды қамтамасыз ету жөніндегі штаб секілді дүние құра аламыз", - деді ол.

Бұған дейін алқа отырысы барысында Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің энергетикалық қадағалау жөніндегі комитетінің төрағасы Мұрат Рамазанов атап көрсеткендей, "электр станцияларына, соның ішінде ұлттық маңызы бар электр станцияларына отын тасымалдау үшін вагондармен қамтамасыз ету еліміздің электр қуатын өндіру жүйесін күз-қысқы ең ауыртпалықты кезеңіне дайындаудың қазіргі ең бір ұрымтал тұсы болып тұр".

"Бірер сағаттан кейін бұл мәселе көлік министрлігінде қаралады, біз бұл мәселені көтеріп үкіметтік деңгейге дейін шыққанбыз, орта есеппен алғанда қазір бір тәулікте саланың сұранысын қамтамасыз ету үшін 400 вагон, яғни, 7-8 темір жол бағыты жетпей отыр", - деді ол. М. Рамазановтың айтуынша, "вагондарға қатысты проблема былтыр да туындаған, сол кезде де шетелдерге жіберілетін өнімге шектеу қойылып, вагон паркін құрғақ заттар тасымалынан құрылыс кешеніне берген".

"Қазір де вагон тапшылығы проблемасын жою үшін кез-келген шешімді қабылдау қажет, өйткені, уақыт өтіп барады", - деді комитет төрағасы.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстанның көмір шығарушы кәсіпорындары өндірген өнімінің 30% дейінгі көлемін "Қазақстан Темір Жолы" ҰК"АҚ-да вагондардың тапшылығына байланысты жеткізе алмай отыр. 23 қазанда ҚР Индустрия және сауда министрлігінің жанындағы экспорттаушылар кеңесінің отырысында Қазақстанның тауар өндірушілері мен экспорттаушылары одағының президенті Николай Радостовецтің хабарлағанындай : " Қазақстан Темір Жолы Румынияға, Польшаға көмір жіберуден іс жүзінде бас тартып отыр, Украинаға қатысты да осындай проблема бар", деді. Вагондардың жоқтығынан бір ғана "Богатырь Аксесс Көмір" ЖШС Ресейге 1,1 млн тонна көмір жібермеген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны