28.11.2008, 16:01 4092

Қазақстан-Венгрия Іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды (толық нұқасы)

Қазақстан-Венгрия Іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды (толық нұқасы)

Астана. 28 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Кеше Астанада Қазақстан-Венгрия экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның 1-отырысы аясында "Атамекен" одағы" Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы мен Венгрия Республикасының Сауда палатасы арасындағы Қазақстан-Венгрия Іскерлік кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Венгрия - Қазақстанның Шығыс Еуропадағы ең салмақты экономикалық серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың 9 айында 200 млн. АҚШ долларын құраған.

ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Іскерлік кеңеске Қазақстан мен Венгрияның бизнес-қауымдастықтарының жетекшілері кірді.

"Біздің басқа елдермен тәжірибеміз мұндай іскерлік кеңестердің іскерлік орталар арасындағы ынтымақтастықты арттырудың өте тіимді әрі ықпалды тетік-құралы екенін көрсетіп берді. Іскерлік кеңестің мақсаты - Венгрия мен Қазақстан компаниялары арасында тура байланыстар орнатуға саяды. Бұл тек инвестициялар ағымын ғана емес, сонымен бірге Қазақстан мен Венгрия арасындағы тауар айналымын айтарлықтай ұлғайтуға да мүмкіндік береді", -деді министр.

Сонымен бірге, түрлі елдермен осындай іскерлік кеңестерді құру қазіргі қаржылық дағдарыстан кейінгі экономикалық өсім кезеңіне дайындалуға Қазақстанға мүмкіндік береді. "Дағдарыс ерте ме, кеш пе, аяқталады, дағдарыстың өзі емес, одан кейінгі экономикалық өсім - ең үлкен сынақ. Сол себепті бізге қазір осындай іскерлік кеңестер құрып, жаңа нарықтар мен жаңа түйіліс нүктелерін табу аса маңызды", - деді Б.Сұлтанов.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының үкіметі мен Венгрия Республикасының үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы - Венгрия Республикасының Қаржы министрі Янош Вереш бүгін өткен бизнес-форум барысында : "Қазақстан жағынан Қазақстан Республикасының үкіметі мен Венгрия Республикасының үкіметі арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Бақыт Сұлтанов мырзамен біз таңертең бизнес-форум басталар алдында егер кеңестің жұмысы барысында кәсіпкерлерге жобаларды жүзеге асыруда қиындықтар кездесіп жатса, онда біз бір-бірімізбен тікелей байланысқа шығып, бәрін жедел түрде шешуге тырысамыз деп келістік",- деді.

Сонымен бірге, бизнес-форум барысында Венгрияның MOL Rt мұнай компаниясының бас директоры Дьерд Мошони Іскерлік кеңестің отырыстары жылына бір рет өткізілетінін хабарлады. "Біріншісі осында Астанада, келесісі - Венгрияда өтеді", -деді ол.

"Бірақ бұл кеңес мүшелері жиі кездесе алмайды деген сөз емес. Біз бизнеске пайдалы ақпараттармен бөлісіп, серіктес іздеп, түрлі салалардағы ахуалды бағалап, жедел шешім қабылдауға көмектесетін боламыз", - деді MOL Rt басшысы.

Ол сонымен бірге Қазақстан "тек инвестицияларды импорттаушы болып қана қалмай, өз капиталын Венгрияға да экспорттайды" дегенге сенім білдірді. "Біз Венгрия жағы Қазақстан экономикасының басымдық берілген салаларына тек серіктес ретінде ғана емес, инвестор ретінде де қатыса алады деп сенеміз. Біз Қазақстандағы ірі 25 инвестордың тізімін көрдік, біз осындай инвесторлардың тізімінде Венгрияның да пайда болуы үшін талпынатын боламыз. Ол мен басқаратын MOL Rt мұнай компаниясы болуы да мүмкін", - деді Д. Мошони.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны