14.06.2007, 16:10 3046

"Қазына" мен РФ Даму банкі "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" транзиттік дәлізін құруға атсалысады

АСТАНА. 14-маусым. Kazakhstan Today. "Қазына" АҚ мен РФ Даму банкі "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" транзиттік дәлізін құруға атсалысады. Бұл туралы "Қазына" АҚ басқармаларының төрағасы Қайрат Келімбетов журналистерге берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз таяуда ғана Санкт-Петербург қаласында өткен экономикалық форумда бұрынғы Внешэкономбанк, қазіргі атауымен РФ Даму банкімен ниет хаттамасына қол қойып, соған сәйкес таяу уақыттарда әрбір жақ 500 млн доллардан үлес қосу арқылы жалпы капиталы 1 млрд АҚШ долларын құрайтын біріккен қор құруға келістік",- деді Қ.Келімбетов.

Оның айтуынша, бұл қор "Қазақстан мен Ресей экономикаларның интеграциялануына септігін тигізетін жобаларды қаржыландыруға бағытталады". ""Батыс Еуропа-Батыс Қытай", немесе, нақтырақ айтсақ, Санкт-Петербургтен Қорғасқа дейінгі транзиттік дәлізі бойынша көлік-логистикалық желі құру - осындай бір ірі жоба",- деді "Қазына" басшысы.

Оның айтуынша, бұл жоба аясында Ресей аумағында 14, Қазақстан аумағында 5 логистикалық орталық құру межеленген. "Осындай жобаны "Еуразия Логистик" компаниясы жүзеге асыруда және біз қазір осы жобаны қаржыландыру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз",- деді ол.

"Бұл қордың сыртында Ресеймен бірлесе отырып жарғылық қоры 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын Еуразиялық даму банкі де құрылғанын ескерсек, екі елдің үкіметтері экономикаларымыздың өзара кірігуі үшін қандай күш жұмсап отырғанын өздеріңіз де байқайсыздар",- деді Қ.Келімбетов. Ол сонымен бірге "Санкт-Петербург қаласында Ресейдің "РусАл" және "КамАЗ" секілді ірі компаниялары тарапынан таяу уақыттарда Қазақстан аумағында ірі өндірістер ашу мәселесін пысықтау туралы мәмілеге қол жеткізілгендігін" еске салды.

"Біз сонымен бірге алдағы уақытта осы тектес қорларды құру мүмкіндігі туралы көршілес елдер - Қырғызстан және Тәжікстан үкіметтерімен де талқыламақшымыз",- деді Қ.Келімбетов. "Орталық Азияда біздің іс-қызметіміздің қарқындана түсуіне де, Ресеймен бірлескен инвестициялық қордың құрылуына да Еуропалық қайта құру және даму банкі де үлкен қызығушылық танытып отыр, осы мәселені біз ертеңгі күні президент Лемьермен кездесуде талқылайтын боламыз",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны