01.06.2010, 12:41 3674

Кедендік одақта Қазақстан үшін авиатехниканы енгізуге баж салығы нөлдік ставкамен қолданылады - Кәрім Мәсімов

Кедендік одақта Қазақстан үшін авиатехниканы енгізуге баж салығы нөлдік ставкамен қолданылады - Кәрім Мәсімов

Астана. 1 маусым. Kazakhstan Today - Кедендік одақта Қазақстан үшін өтпелі кезеңде авиатехниканы енгізуге баж салығы нөлдік ставкамен қолданылады. Бұл туралы бүгін өткен үкіметтің отырысында ҚР үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Ұшақтарға салынатын кедендік баж салығы бойынша өтпелі кезең енгізу туралы мәселені келістік", - деді Кәрім Мәсімов.

Оның айтуынша, "бүгінгі күні Кедендік одақта ұшақтарға олардың құнының 20% шамасында кедендік баж салығы ставкасы бар". "Бірақ Ресейдің авиация өнеркәсібі әзірге еліміздегі тасымалдаушыларды жеткілікті мөлшерде заманауи жоғарғы кластағы ұшақтармен, сапалы техникалық қызметпен және қолайлы қаржылық шарттармен қамтамасыз ете алмай отыр. Сол себепті еліміздің авиатасымалдаушылары үшін өтпелі кезеңде нөлдік енгізу ставкасын қолдануға уағдаластық жасалды, ал өтпелі кезеңнің мерзімі кейінгі келіссөздер барысында айқындалады", - деді премьер.

Сонымен бірге оның хабарлауынша, "ендігі жерде Қазақстан Кедендік одақ комиссиясында - Кедендік одақ шеңберіндегі кедендік-тарифтік реттеулер үшін жауап беретін, ұлттықтан гөрі мәртебелірек органда тең өкілеттілікке ие".

"Бұл органның барлық шешімдері, мәселен, ставка деңгейін өзгерту, үшінші елдерге қарсы қорғаныс шараларын енгізуге қатысты шешімдері тек консенсус арқылы ғана қабылданады. Яғни, бұған дейінгі дауыстар үлесінің арақатынасы өзгереді", - деді үкімет басшысы.

Сонымен бірге, оның мәліметінше, "кедендік енгізу баж салықтарын бөлу нормативтері қайта қаралды - Кедендік одақ бойынша жиналатын жалпы кедендік енгізу баж салықтарындағы Қазақстанның үлесі 7,69% құрайды".

Оның айтуынша, "Қазақстан үшін еліміз азаматтарының жеңіл автокөліктерді енгізудегі кедендік баж салықтары мәселесі аса өзекті мәселе болып табылады".

"Күрделі келіссөздердің нәтижесінде біз Қазақстан үшін, еліміздің азаматтары үшін жеңілдетілген режим енгізуге келістік, ол тіпті бұған дейін Қазақстанда әрекет еткен режимнен де артықша либералдық сипатта", - деді Кәрім Мәсімов.

"Біз бұл жеңілдікті Ресей Федерациясының аумағында көлікті одан әрі сату мақсатында пайдалануға тыйым салатын шектеу енгіземіз. Сондай-ақ, бір жеке тұлға бір жылдың ішінде екі немесе одан артық автокөлік енгізген жағдайда баж салығының ставкасы жоғары болады", - деді үкімет басшысы.

"Өтпелі кезең біртұтас экономикалық кеңістік бойынша тиісті құжаттарға қол қойылғанға дейін, яғни, 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін енгізіледі", - деді ол.

"28 мамырдағы біздің кездесуіміздің тағы бір маңызды нәтижесі - Еркін экономикалық аймақтардағы кедендік жеңілдіктерге бойынша өтпелі кезеңді енгізуіміз болды. Біз келіскендей, қазіргі жеңілдік режимі Еркін экономикалық аймақтар аумағында 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген резиденттер үшін 2017 жылға дейін сақталады", - деді үкімет басшысы.

"Бастаптқыда біздің серіктестер Еркін экономикалық аймақтар бойынша баж салықтарының жеңілдігін алып тастауды ұсынған. Бірақ біздің Еркін экономикалық аймақтарымыздың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін біз Еркін экономикалық аймаққа қатысушыларды Кедендік одақ аумағына жеткілікті деңгейде өңделген өнімдерді енгізу критерийлері сақталған жағдайда, енгізу баж салығынан босату туралы өз ұстанымымызды қорғап қалдық", - деді премьер-министр.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2010 жылдың 28 мамырында Қазақстан мен Ресей Кедендік одақты құрудың екінші кезеңінің, яғни, біртұтас кедендік аумақ құрудың барлық келісім-құқықтық базасын екіжақты негізде қолдану тәртіптерін айқындайтын шартқа қол қойды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны