15.10.2007, 13:45 1760

Кейінгі 10 күнде Қазақстанда нанның бағасы орташа есеппен 44 теңге деңгейінде тұрақтанды - Ауылшаруашылығы министрлігі (толықтырылған нұсқа)

Кейінгі 10 күнде Қазақстанда нанның бағасы орташа есеппен 44 теңге деңгейінде тұрақтанды.

Астана. 15 қазан. "Қазақстан Бүгін" - Кейінгі 10 күнде Қазақстанда нанның бағасы орташа есеппен 44 теңге деңгейінде тұрақтанды. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында ауылшаруашылығының вице-министрі Дулат Айтжанов хабарлады.

"Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде тұрақтандыру қорлары құрылып, әкімшіліктер, азық-түлік келісім-шарты корпорациясы, астықшылар одағы, наубайшылар мен ұн өндірушілер арасында меморандумдарға қол қойылды. Сөйтіп, соңғы 10 күнде елімізде нанның бағасы орта есеппен 44 теңге деңгейінде тұрақтанды", - деді Д. Айтжанов.

Оның мәліметінше, қазіргі жағдаймен өңірлік тұрақтандыру қорлары 622 мың тонна көлемінде астық сату жөнінде келісімге келді. "Бүгінгі күні тұрақтандыру қорларында 500 мың тонна көлемінде қор құрылды, сөйтіп, нан нарығында ахуал тұрақтанды", - деді вице-министр.

Сонымен бірге, оның пікірінше, "нан бағасының қалыптасуына тұрақты бақылау жасау қажет". "Осыған байланысты табиғи монополияларды реттеу агенттігіне нан бағасының қалыптасуын қадағалау функциясын беру қажет деп санаймын", - деді Д. Айтжанов.

Өз кезегінде еліміздің индустрия және сауда министрі Ғалым Оразбақов нан және нан-тоқаш өнімдерінің 80%-і қазіргі жағдаймен дүкендер арқылы сатылып жатқанын, "дүкендердегі сауда үстемесі еліміз бойынша 1-10 теңге аралығында екенін, бұл - орташа көрсеткіш екенінін, алайда, кейбір дүкендерде оның 15 теңгеге жететінін, ал ол нанның сатылу құнының 20 процентін құрайтынын" жеткізді.

"Осыған байланысты облыстар, Алматы және Астана қалаларының әкімдері ірі сауда орталықтары жүйесімен негізгі нан түрлерінің бөлшек саудадағы үстемесінің лимитін нан зауыттарынан алған бағаның 5-7 процентінен жоғары белгілемеу жөнінде меморандумға қол қоюы қажет деп санаймын", -деді ол.

Сонымен бірге, Ғ. Оразбақовтың пайымдауынша, бәсекелестікті қорғау комитеті "нан сатушылардың облыстарда нанның бағасын тұрақтандыру жөніндегі меморандум шеңберінде жүктеп алған міндеттемелерінің орындалуын қадағалауды қамтамасыз етуге тиіс".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны