24.05.2010, 17:39 6824

Киіктер мекендейтін жерлердегі ахуал бірқалыпты - ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі

Киіктер мекендейтін жерлердегі ахуал бірқалыпты - ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі

Астана. 24 мамыр. Kazakhstan Today - Киіктер мекендейтін жерлердегі ахуал бірқалыпты. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Орман және аңшылық комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаев пен АӨК мемлекеттік инспекциялау комитеті төрағасының орынбасары Ахметжан Сұлтанов киіктердің қырылған жер аумағы жөнінде алдын ала қорытындыларын жария еткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, үстіміздегі жылғы 18-20 мамырда Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында киіктердің жайық таралымының негізгі үйірі шоғырланған жерлерінде аталмыш жануарлардың өлім-жітімге ұшырағаны тіркелді.

Оқиға жайында Бас прокуратураға, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Қорғаныс, Қоршаған ортаны қорғау, Білім және ғылым министрліктеріне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне АШМ АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетіне, Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне хабарланды.

Үстіміздегі жылғы 20 мамырда Батыс Қазақстан Облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы аудандық әкімдік, табиғат қорғау полициясы, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау, ветеринарлық қызмет, төтенше жағдайлар қызметі, Зоология институты, "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК өкілдерінен жануарлардың өлім-жітімге ұшырау себептерін тексеру жөнінде комиссия құрды.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 21 мамырда БҚО Жәнібек ауданына облыс әкімі, ҚР АШМ Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің, облыстық ветеринарлық инспекция, облыстық ТЖ департаменті өкілдері құрамындағы жұмыс тобы ұшып шықты. Ал үстіміздегі жылғы 22 мамырда облаумақ инспекциясы құрған комиссия БҚО Жәнібек ауданының аумағында киіктердің қырылу фактісі бойынша қорытынды акт әзірледі.

"Комиссияның актісінде былай деп атап өтілген: 20-22 мамыр аралығындағы кезеңде "Вышка", "Хайдар", "Айдарлы", "Жұмаш" нүктелері шекарасында Борсы және Жақсыбай ауылдық округтерінің аумағына тексеру жүргізілді, 4500 га алқапта 3271 тұяқ киік табылды. Қырылған жануарлардың 90 % аналықтар, қалған бөлігін биылғы төлдер құрайды. Бірлі-жарым аталықтар кездеседі.

Өлген жануарлардың ең көп мөлшері ойпаттар мен жазықтарда байқалды. Бұл жерлерде 1 га алқапқа өлім-жітімге ұшыраған киіктер 5-15 тұяқтан келеді.

СЭС қызметтері мен ветеринарлар өлген жануарлар мен жерлерден сынақ үлгілерін алды",- деп хабарлайды мекеме.

Үстіміздегі жылғы 24 мамырда ҚР АШМ АӨК-тегі мемлекеттік инспекция комитетінің Республикалық ветеринариялық зертханасының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы өлген жануарлар бойынша сараптама актілерін әзірледі. Онда киіктен және ірі қара төлінен келіп түскен материалдарды талдау пастереллезге оң нәтиже бергені атап өтілген.

"Үстіміздегі жылғы 24 мамырға соңғы шұғыл деректер бойынша облыстық жұмыс тобының киіктер мекендейтін аумақты және басқа аудандардың іргелес аумақтарын мұқият тексеруі және бақылап ұшып шығуы кезінде жабайы жануарлардың өлім-жітімге ұшырағаны байқалған жоқ. Киіктер мекендейтін жерлердегі ахуал бірқалыпты. Өлген жануарларды барлық нормаларға сай сақтап көму және жергілікті жерді дезинфекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.

Батыс Қазақстан Облыстық Орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясы мен "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК инспекторлары өлген жануарларды жою жұмысын бақылауға алған. Қазіргі кезде бұл экологиялық оқиғаның ауқымын ескере отырып, ҚР премьер-министрі кеңсесінің тапсырмасы бойынша ТЖМ, ІІМ, ҚОҚМ, БҒМ, ҚМ, АШМ, ДМ өкілдерінен, ҰҚК Шекара қызметі және Батыс Қазақстан облысы әкімдігі өкілдерінен комиссия құру жөнінде жұмыс жүргізілуде",- делінген хабарламада.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысында ақбөкендердің жаппай қырылуына, алдын-ала мәліметке сәйкес, пастереллез себеп болған. Бұл туралы бүгін ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінде өткен брифинг барысында Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Ахметжан Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Алдын-ала мәліметке сәйкес, жануарлардың жаппай қырылуына пастереллез себеп болған", -деді А. Сұлтанов.

Оның мәліметіне сенсек, бүгінгі жағдаймен 3271 ақбөкен қырылған.

Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысында дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, жануарлардың өлекселері жиналуда, үй жануарларына екпе егілуде. Сондай-ақ, "топырақ пен су қоймаларындағы судың сынамалары алынып, облыстық зертханаға жіберілді", деді А. Сұлтанов.

Оның айтуынша, Қазақстанда 81 мың киік бар.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны