13.07.2026, 09:51 18616

Үкімет Астананың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлді

Үкімет Астананың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға 16 млрд теңгеден астам қаржы бөлді
Сурет: Үкімет
Үкімет резервінен Астананың инженерлік және энергетикалық желілерін дамытуға 16,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов тиісті қаулыларға қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Оның 8,7 млрд теңгесі су бұру инфрақұрылымын салуға және жаңғыртуға бағытталады. Атап айтқанда, Астананың Есіл ауданындағы қолданыстағы тазарту құрылыстарынан бастап Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын коллектор салынады.

"Көзделген жұмыстарды жүзеге асыру 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті және дренаж суларын бұруға, сондай-ақ тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі суды тазартатын нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Астананы одан әрі дамытуға қажетті инфрақұрылым қалыптастырады",- деп атап өтті үкіметтен.


7,5 млрд теңге елорданың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Бұл қаражатқа қолданыстағы электр желілеріне қосылатын 110/20 кВт-тық "Қарлығаш" жабық қосалқы стансасы салынып, "Астана-Энергия" АҚ-ның ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегаты жаңғыртылады.

Жаңа энергонысан іске қосылғаннан кейін "Есіл" және "Бәйтерек" қосалқы стансаларына түсетін жүктеме азайып, "Нұрлы жол" вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтамасыз етіледі. Қосымша қуат жаңа мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды пайдалануға беруге мүмкіндік береді.

ЖЭО-2-дегі турбинаны жаңғыртқаннан кейін оның электр қуаты 30 МВт-қа - 80 МВт-тан 110 МВт-қа дейін артады. Бұл елордадағы электр энергиясын тұтыну жыл сайын өсіп отырғанына орай энергиямен жабдықтау сенімділігін күшейтеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны