10.01.2008, 15:28 10530

Қытай вагондарына тапсырыс берушілер санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандарын мемлекеттік сараптама нәтижелерін өзгертті деп айыптауда

Қытай вагондарына тапсырыс берушілер санитарлық-эпидемиологиялық станция мамандарын мемлекеттік сараптама нәтижелерін өзгертті деп айыптауда

Алматы. 10-қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстан Республикасының бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоногтың Қытай Халық Республикасында жасалған вагондардың санитарлық нормаларға сай келмеуі жөнінде жасаған мәлімдемесі жалған тұжырымдар негізінде жасалған, деп хабарлады баспасөз мәслихатында "Астана-финанс" АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары, "Астана-финанс" лизингтік компаниясы" АҚ-ның директорлар кеңесінің төрайымы Эльмира Ибатуллина. Оның айтуынша, А. Белоног мәлімдемені бірлескен мекеме аралық комиссия жұмысының аяқталуын күтпестен жасаған.

"Вагондардың материалдары зиянды заттар бөледі деп арнайы бірлескен комиссия қорытындысынан кейін ғана айтуға болар еді. Сондықтан көліктегі бас санитарлық дәрігердің мәлімдемесі асығыс жасалған", - деп атап көрсетті Э. Ибатуллина. Оның ақпаратына сүйенсек, ауаға лабораториялық зерттеулер жүргізу кезінде вагондарда ксилол мен стирол секілді зиянды заттар табылмаған. Ал, формальдегид пен фенол құрамы өзінің жоғарғы шегінен аспаған.

Естеріңізге сала кетсек, 2006 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігі вагондардың халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарына және олардың "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ бекіткен "Қазақстанға тасымалданатын Қытай Халық Республикасында жасалған 1520 мм-лік рельске арналған жолаушылар вагондарына қойылатын жалпы техникалық талаптарға" сай келмеуі бойынша хат жазысып, сот процестерін жүргізуге түрткі болып келді.

2007 жылдың қазан айында бірлескен арнайы комиссия құрылған болатын. Оның мақсаты Қытайда жасалған вагондардың санитарлық нормаларға сай келу-келмеуін анықтау болып табылады. Комиссия құрамына "Жолаушылар тасымалы" АҚ, "Астана-финанс" лизингтік компаниясы" АҚ, "Ғылыми-сараптамалық орталығы" ЖШС, ҚХР-ның Тянь-Шань локомотив-вагон жасау зауытының және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің өкілдері кірген. Өткен жылдың 24-желтоқсанында Қазақстан Республикасының Бас санитарлық дәрігері А. Белоног қайта өткізілген сараптама вагондардың ішін жабдықтау кезінде пайдаланылған полимер материалдарда улы заттардың бар екендігін растаған еді. "Жүргізілген зерттеулер барысында барлық тексерілген вагондарда зиянды химиялық заттардың (фенол мен формальдегид) шекті нормасынан 1,2 - 5,3 есе артық болғаны анықталды", - деп хабарлаған ол.

А. Белоног Денсаулық сақтау министрлігі егер Қытай вагондарына қатысты заң бұзушылықтар жойылмаса, Жоғарғы сотқа шағымданатындықтарын атап көрсеткен. "Біз бұл вагондарды пайдалануға рұқсат бермейміз. Егер қолдау таппасақ Жоғарғы сотқа дейін баруға тырысамыз. Біз Денсаулық сақтау министрлігінің іс-әрекеттері шынайы деп санаймыз", - деген еді ол.

Қазіргі күнге дейін "Астана-финанс" лизингтік компаниясы" АҚ барлық 8 құрамды (152 вагон) Қазақстан Республикасының аумағына жеткізді, деп мәлімдеді Э. Ибатуллина. Сондай-ақ, оның айтуынша, соңғы екі құрам үш айдай уақыт Қытай аумағында тұрып қалған. Нәтижесінде лизингтік компания шамамен 2 млн АҚШ долларындай шығын шеккен.

Бүгінгі күні вагондарды "Жолаушылар тасымалы" АҚ пайдалану үстінде. Атап айтқанда, Алматы - Ақтөбе бағытында қатынап жатыр.

Бұрын хабарлағанымыздай, Ақтөбеде санитарлық дәрігерлер қытай вагондарының жолаушылары арасында сауалнама жүргізген. Сауалнама барысында жолаушылар дәрігерлерге көңіл-күйлерінің нашарлағаны жөнінде шағымданған еді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Атап айтқанда, теміржолдағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың Батыс аймақтық басқармасының бас маманы Гүлнар Қарастекова 45 жолаушы негізінен бастарының ауырғандығы, шаршағандығы, қан қысымдарының көтерілгендігі, ауа жетпегендігі, әлсізденгендігі, тамағы жыбырлағандығы, жүректері айнығандығы, сондай-ақ, көздерінің көрулері нашарлағандығы туралы шағым түсірген.

"Тағы 18 адам вагондардың тарлығына, өз коридорлардың жіңішкелігіне және сөрелердің 3 қабат екендігіне өз наразылықтарын білдірген", - деп атап көрсеткен Г. Қарастекова. Ол сондай-ақ, Алматы - Ақтөбе және Ақтөбе - Алматы бағыты бойынша жүрген 405 адам сауалнамаға қатысқанын хабарлаған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны