05.12.2012, 17:20 3102

КО елдерінің бизнес-қауымдастықтары Еуразиялық экономикалық комиссиямен өзара іс-қимыл регламентін әзірледі

Бұл туралы "Атамекен" одағы" ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті.

Астана. 5-желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің басын қосып отырған Кеден одағының бизнес-қауымдастықтары Еуразиялық экономикалық комиссиямен арадағы өзара іс-қимыл регламентін әзірледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Кеден одағы бизнес-қауымдастықтарының Еуразиялық экономикалық комиссиямен арадағы өзара іс-қимылдарының регламент жобасы әзірленіп отыр. Біз қазір оны толықтырып жатырмыз және оны 12 желтоқсанда дейін Комиссияның қарауына жолдамақпыз", - деді А.Мырзахметов.

Оның айтуынша, аталмыш регламент түзетулер мен ұсыныстар енгізу үдерісін оңтайландыру үшін бизнес-қауымдастықтар тарапынан түсетін сын-ескертулерді қараудың ретін белгілеуге көмектеседі және ұзын-сонар келісу жұмыстарын азайтуға қолдау болады.

Оған қоса, КО заңнамалық базаға қатысты ұсыныстарды жедел енгізу және оларды талқылаулар үшін "Халықтық заң" деп аталатын бірыңғай портал құрылып отыр. Бұл портал кәсіпкерлерге өз ұсыныстарын жеткізуге және сарапшылар тобынан кеңестер алуға мүмкіндік береді.

"Портал жұмыс істеп жатыр, оның қызметін пайдаланушылардың саны да күн санап артуда. Бұл, әсіресе өңірлік кәсіпкерлерге ыңғайлы", - деді "Атамекен" одағы" ұлттық экономикалық палатасының басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада "Еуразиялық экономикалық комиссия - Бизнес-Диалог: өзара іс-қимыл перспективалары" деген тақырыпқа арналған "дөңгелек үстел" отырысы өтуде. Онда Ресей-Беларусь-Қазақстан Бизнес-Диалогының және Еуразиялық экономикалық комиссияның өзара іс-қимылдары, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің кедендік әкімшілігі, техникалық реттеуді жетілдіру мәселелері талқылануда.

Жиын барысында сондай-ақ, Ресей-Беларусь-Қазақстан Бизнес-Диалогы мен BUSINESSEUROPE ұйымының Техникалық реттеу кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат КО мен ЕО арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға және нормативтік-техникалық заңнаманы үйлестіруге бағытталып отыр.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны