27.03.2007, 19:12 3215

Қорғаныс министрлігі республикалық бюджетті пайдалану кезінде 1,4 млрд. теңге көлемінде заң бұзушылықтарға жол берген - Есеп комитеті

АСТАНА. 27-наурыз. Kazakhstan Today. Қорғаныс министрлігі республикалық бюджетті пайдалану кезінде 1,4 млрд. теңге көлемінде заң бұзушылықтарға жол берген, оның ішінде 58,4 млн.теңге - негізсіз, 983,8 млн.теңге - тиімсіз жұмсалған, өзге заң бұзушылықтар 445,5 млн.теңгені құрады. Сондай-ақ "Мемлекеттік сатып алу туралы" ҚР Заңының талаптары 862,5 млн.теңгеге бұзылған. Есеп комитеті жүргізген бақылау іс-шараларының нәтижесі осындай. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Есеп комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламаға сәйкес, бақылау барысында, 2001 жылы қабылданған "Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы" заңды Үкіметтің орындамай отырғаны анықталды. Үкімет құжат қабылданған сәттен бастап қазіргі уақытқа дейін мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырмаған және бекітпеген. Қорғаныс, Индустрия және сауда министрліктері арасындағы қорғаныс тапсырысын қалыптастыру мәселелері бойынша іс-қимылдар өзара келісілмей жүргізілген. Қорғаныс министрлігі әскери техниканы тиісті бюджеттік бағдарламаның паспортында көзделген оның саны мен номенклатурасын есепке алмастан, бекітілген қаржы шегінде сатып алып отырған.

Тексеру көрсетіп отырғандай, қару-жарақты, әскери және өзге техниканы, байланыс жүйелерін жаңғырту және сатып алу шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Өнім жеткізушілер қару-жарақ пен әскери техниканың кейбір түрлерін жеткізбеген, сондай-ақ кейбірі межеленген мерзімде жеткізілмеген. Мысалы, Қорғаныс министрлігі "РARDUS Co" ЖШС-імен 688,4 млн.теңгеге 8 тренажер жеткізу туралы шарт жасасқан. Сегіз тренажердің жетеуі (құны 608,6 млн.теңге) жеткізілмеген. Сонымен бірге, өнім жеткізушіге 344,2 млн.теңге аванстық төлемдер аударылған. Соттың шешімі бойынша "РARDUS Co" ЖШС тренажерларды жеткізбегені үшін министрлікке 400,9 млн.теңге айыппұл төлеуі керек. Тексеру жүргізілген кезде аванстық төлемдердің орны толтырылмағаны және салынған айыппұлдың төленбегені анықталды. Есеп комитетінің бағалауы бойынша өнім жеткізушінің аванс түрінде алған, яғни бюджет қаражатын пайдаланудан түскен табысы 17,2 млн.теңгені құрады. Аталған қаржыны өнім жеткізушіден қайтару керек.

Үкіметтің қаулысына сәйкес "Казспецэкспорт" РМК-сы қару-жарақ пен оның оқ-дәрілерін, әскери техниканы, қосалқы бөлшектерді, олардың жиынтық элементтері мен приборларын жеткізетін бірден-бір өнім жеткізуші болып белгіленген. Алайда қару-жарақты жаңғырту және сатып алу жөніндегі бағдарламаның ойдағыдай орындалуына арада жүрген делдалдардың көп болуы кері әсерін тигізуде.

2004 жылы Қорғаныс министрлігі "Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің автоматтандырылған басқару жүйесі" (АБЖ) жобасын әзірлеген еді. АБЖ-ның бірінші кезеңін іске асыру 2006 жылы ғана басталды. Бұл жоба өзінің межеленген мерзімінен 1,5 жылға кешеуілдеп отыр. Бірінші кезеңнің негізгі бөлігі 2007-2008 жылдары іске асырылады деп жоспарлануда. Бұл ретте, АБЖ-ны жасау бойынша нақты жоспардың жоқ екенін айта кету керек, жобаның атқарылу мерзімі және қажетті жабдықтардың тізбесі белгіленбеген. АБЖ-ны іске асыру бойынша кезең-кезеңмен атқарылатын жұмыстардың құны есептелмеген. Тек жобаны іске асырудың шамамен алғандағы жалпы құны ғана белгілі, ал сонымен бірге оны әзірлеуге 137,0 млн.теңге жұмсалып та қойған.

ҚР Қарулы күштерінің ақпараттық жүйесі жөніндегі тұжырымдама әлі де пысықтауды талап етеді. Жалпы құны 226,7 млн.теңге болатын "Мерзімді қызмет солдаттарын және келісім-шарт бойынша қызмет ететіндерді есепке алу", "Негізгі құралдардың ақпараттық жүйесі", "Ақпараттық-нормативтік жүйе", "Өнім жеткізушілермен есеп айырысу", "Материалдық құралдардың бухгалтерлік есебі, ақшалай үлесті есептеу", "Мобилизациялық ресурстарды есепке алу" сияқты ақпараттық бағдарламаларда АБЖ-мен өзара үйлесімді іс-қимылдар жасау көзделмеген.

Қорғаныс министрлігі әскери объектілердің құрылысы барысына бақылауды нашар жүргізеді. Жобалау-сметалық құжаттаманың қымбаттауына жол беріледі, сондай-ақ оның бекітілген көрсеткіштері сақталмайды. Орындалған жұмыстар деп жалған актілерге қол қойылуда, орындалған жұмыстардың көлемі артық көрсетілуде.

Искери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың орындалу тиімділігі төмен деңгейде. Министрлік "Қарулы күштердің инфрақұрылымын дамыту" бағдарламасының шеңберінде қайталама рыноктан үйлер сатып алған. Мемлекеттік сатып алу жоспарына сәйкес 2005 жылы 487 млн.теңгеге орташа құны 3,3 млн.теңгеден 147 пәтер сатып алу жоспарланған болатын. Ал іс жүзінде, 487 млн.теңгеге 115 пәтер сатып алынған, яғни бір пәтердің орташа құны 4,2 млн.теңгеден айналған. Қайталама рынокта пәтердің құны өсуі есебінен 105,6 млн. теңгеге 32 пәтер сатып алынбай қалды. Министрлікке тұрғын үй салу 2,3 есеге арзанға түскен. Есеп комитетінің бағалауы бойынша, қайталама рыноктан пәтерлер сатып алу әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешпейді.

Бақылау барысында, Қорғаныс министрлігі ақпараттық жүйелерді құру, инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақты, әскери және өзге техниканы, байланыс құралдарын жаңғырту және сатып алу жөніндегі бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын жасау кезінде инвестициялық жобаларды іске асырудың дәл сандық және сапалық көрсеткіштерін белгілемегені анықталды.

Есеп комитеті Үкіметке мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастырып, бекітуді ұсынды. Қорғаныс министрлігіне бюджеттік бағдарламалар паспорттарының сапасын арттыру жөнінде ұсыныстар берді. Искери қызметшілерді және олардың отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында Есеп комитеті ведомствоға тұрғын үй құрылысын, оған қоса тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды қаржыландыруды ұсынды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны