07.05.2007, 13:13 2924

ҚР ауылшаруашылығы министрлігі "Ауыз су " салалық бағдарламасының бюджетін екі есе арттыруды ұсынады

АСТАНА. 7-мамыр. Kazakhstan Today. ҚР ауылшаруашылығы министрлігі елдімекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі 2002-2010-жылдарға есептелген "Ауыз су " салалық бағдарламасының бюджетін екі есе арттыруды ұсынады. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында ҚР ауылшаруашылығы министрінің орынбасары Дулат Айтжанов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Бағдарламаны жүзеге асыру барысында қуат көздері мен құрылыс материалдарының бағасы өзгергендіктен және елдімекендерге ауыз су беруге қатысты көзқарас түбегейлі қайта қаралғандықтан бұл бағдарламаның бюджетін 115 млрд теңгеден 300 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет",- деді Д.Айтжанов.

Оның айтуынша, бұған дейін бағдарлама бойынша 3693 елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз ету көзделсе, қазір олардың саны 7231-ге дейін қосылды.

Вице-министрдің айтуынша, министрлік қайта қараған бағдарлама бюджеті "тәуелсіз сарапшыларға жолданды". "Олар өзгерістер қажет деген пікірді растады. Қазір біз ұсынылып отырған қаржы сұранысын республикалық бюджеттік комиссиясының қарауына шығардық",- деді вице-министр үкімет басшысына қаратып айтқан сөзінде.

Өз кезегінде республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов "келесі жылға арналған бюджетті қалыптастыру барысында мемлекеттік бағдарламаларға қатысты барлық қажетті қаржыны қарастыру дұрыс", деп атап өтті. "Үкіметтің 22-мамырда өтетін отырысында біз "Ауыз су " салалық бағдарламасын жан-жақты қарайтын боламыз",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны