09.01.2008, 16:35 2607

ҚР Қаржы министрлігінде салық мәселелері бойынша телефон қоңырауына жауап беру орталығы ашылды

ҚР Қаржы министрлігінде салық мәселелері бойынша телефон қоңырауына жауап беру орталығы ашылды

Астана. 9 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - ҚР Қаржы министрлігінде салық мәселелері бойынша телефон қоңырауына жауап беру орталығы ашылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Бұл орталықты құрудағы мақсат - республика халқының салық мәселелеріне қатысты ақпараттардан хабардар болу деңгейін көтеру, сондай-ақ, салық заңнамасының нормаларын түсіндіруге қатысты сапалы қызмет көрсету болып табылады", -деді орталықтың ашылуына қатысқан қаржы вице-министрі Дәулет Ерғожин.

Оның айтуынша, бұл орталық мемлекет басшысы алға қойған халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын көтеру жөніндегі мақсатты шешу аясында ашылып отыр.

"Осынау телефон қоңырауын шалу орталығы мультимедиялық байланыстың негізінде жұмыс істейтін болады, ол телефон байланысы, web-байланыс, mail-хабарлама, факс және бейнебайланыстарды өңдеу жолымен жүзеге асырылады", -деді вице-министр. Оның айтуынша, бірінші кезеңде орталық Астана үшін пилотты жоба режимінде жұмыс істеп, жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді қамтитын болады.

"Олар Астанадағы телефон арқылы қоңырау шалып, салық заңнамасына қатысты кез келген сауал бойынша ақыл-кеңес ала алады", - деді Д. Ерғожин. Оның айтуынша, осы жылы аталмыш телефонның қызметіне еліміздегі барлық салық төлеуші жеке тұлғалар жүгіне алады. Бірақ бірінші кезеңде олар орталыққа өз есебінен қоңырау шалады. Бұдан әрі 2009 жылдан бастап орталықтың іс-қызметін бүкіл республика көлеміне тарату межеленген. "Яғни, біз осы номерге басқа қалалардан қоңырау шалған салық төлеушілер үшін ақысыз қызмет көрсету мәселесін дәйектейтін боламыз",- деді вице-министр.

Оның айтуынша, орталық жұмысының үшінші кезеңінде жеке тұлғалармен қатар заңды тұлғаларға да қызмет көрсету межеленген. "Бұған 2010 жылы біздің мүмкіндігіміз жетеді деп ойлаймын", - деді ол.

Өз кезегінде Астана салық комитеті төрағасының орынбасары Серік Құдабаевтың хабарлауынша, орталық IVR жүйесімен де қамтамасыз етіледі. "IVR - бұл автоматты дауыс беру байланысының жүйесі, орталыққа телефон қоңырауын шалып, салық заңнамасына қатысты стандартты сұрақ берген адамға таспаға жазылған стандартты жауап берілуі мүмкін. Ал егер бұл жауап оны қанағаттандырмаса, ол нақтылау үшін оператормен байланысқа шығу мүмкіндігіне ие болады", - деді С. Құдабаев. Оның айтуынша, орталық 9 бен 19 сағат аралығында бес күндік режиммен жұмыс істейді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны