21.05.2012, 14:11 4513

ҚР Үкіметі Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады

"Бағдарламаны іске асыру үшін 2013 жылы - 38,2 млрд. теңге, 2014 жылы - 43,2 млрлд. теңге және 2015 жылы - 53,9 млрд. теңге бөлу көзделген".

Астана. 21-мамыр. Kazakhstan Today - ҚР Үкіметі Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық отырысы өтті. ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев министрлер кабинетінің қарауына Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын таныстырды.

Бағдарлама Елбасының "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты ағымдағы жылдың 27 қаңтарындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес әзірленді. Бағдарламаның мақсаты - орта және ұзақ мерзімдік перспективада моноқалалардың орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Осыған байланысты, Бағдарлама аясында тұрғындарының саны 1,5 млн. адамды құрайтын (еліміздегі халық санының 16 пайызы) 27 моноқала іріктеліп отыр.

"Илемдік тәжірибені және өзімізде бар проблемаларды талдау нәтижелерін ескере отырып, моноқалаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының төмендегі басым бағыттары ұсынылып отыр: бірінші басым бағыт- әлеуеті төмен моноқалалардың бірінші кезектегі көкейкесті мәселелерін шешу, екінші басым бағыт - әлеуеті орта моноқалаларды дамыту үшін жағдай жасау, үшінші басым бағыт - әлеуеті жоғары моноқалаларды бұдан әрі орнықты дамыту", - деп хабарлады Б.Сағынтаев.

Қалаларды топтастыру және басымдықтарын ескере отырып моноқалалардың мәселелерін шешу үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты моноқалаларды оңтайландыру көзделіп отыр. Моноқалалардың экономикалық әлеуетін және оларды жаңадан мамандандырудың мүмкіндіктерін анықтау жұмысы жүргізілетін болады. Соның нәтижесінде әрбір моноқала бойынша олардың перспективасы мен болжамды халық санын анықтай отырып, ұзақ мерзімді кезеңге Кешенді дамыту жоспарлары әзірленеді.

Экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру аясында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, қала құрушы кәсіпорындарға қызмет көрсететін және қосалқы кәсіпорындар ашу, шалғайда орналасқан елді мекендерге жол салып, моноқалалардың транзиттік әлеуетін дамыту көзделіп отыр.

Кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бірқатар шаралар қарастырылған, атап айтқанда, салалық шектеусіз несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың көлемін 7 пайыздан 10 пайызға дейін ұлғайту; жаңа өндірістер ашуға 1,5 млн. теңгеден 3 млн. теңгеге дейін гранттар беру; шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша әріптестік бағдарламаларды (мемлекет пен қала құрушы кәсіпорындар арасындағы) іске асыру және Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын ашу жоспарлануда.

Үшінші кезектегі Бағдарлама міндеті - моноқалалардағы еңбек күштерінің жинақылығын арттыру, халықтың өз еркімен әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және экономикалық өсімі бар орталықтарға көшуін ынталандыру болып табылады.

Сондай-ақ, Бағдарлама арқылы моноқалалардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын қолдау көзделген. Жоғары және орта әлеуеті бар моноқалалар үшін бекітілген нормативтерге дейін жеткізе отырып, қалалардағы әлеуметтік маңызға ие нысандардың инфрақұрылымын қайта құрастыру жоспарланған.

Б.Сағынтаевтың айтуынша, Бағдарламаны іске асыру үшін 2013 жылы - 38,2 млрд. теңге, 2014 жылы - 43,2 млрлд. теңге және 2015 жылы - 53,9 млрд. теңге бөлу көзделген. "Жалпы алғанда, Бағдарлама екі сатыда іске асырылады, яғни бастапқы кезеңі 2013-2015 жылдарды қамтыса, 2020 жылға қарай нық дамуға жол ашылады. Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы 2020 жылға қарай моноқалаларда белсенді жұмыс істейтін кәсіпорындар санын 2011 жылмен салыстырғанда 4 есеге көбейтіп, табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен аз халықтың үлесін 6 пайыздан аспайтын деңгейге, жұмыссыздық деңгейін 5 пайыздан аспайтын деңгейге дейін жеткізуге мүмкіндік туады", - деп түйіндеді Б.Сағынтаев.

"Бұл Бағдарлама Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауында айтқан тікелей тапсырмасы болып табылады. Менің ойымша, Бағдарлама жеткілікті түрде жан-жақты талқыланды", - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов.

Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Үкіметі моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Бағдарламасын қабылдады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны