24.09.2007, 14:40 2945

ҚР Ұлттық банкінің болжамы бойынша 2007 жылдың аяғына дейін инфляция деңгейі төмендейді

ҚР Ұлттық банкінің болжамы бойынша 2007 жылдың аяғына дейін инфляция деңгейі төмендейді.

Астана. 24 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - ҚР Ұлттық банкінің болжамы бойынша 2007 жылдың аяғына дейін инфляция деңгейі төмендейді. Бұл туралы бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Инуар Сәйденов мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Экономика министрлігі жылдық орташа инфляция деңгейінің көрсеткіші ағымдағы жылдың 8 айында 8,2% болды деп хабарлауда. Ал біз өткен жылғы осы айдағы көрсеткішті пайдаланамыз. Егер өткен жылғы тамыз бен осы жылғы тамыз көрсеткіштерін салыстырар болсақ, инфляция деңгейі 9,4% құрайды", - деді И. Сәйденов. "Барлық бағыттар бойынша ахуал былтырғымен салыстырғанда шынында да нашар", - деді ол. Дегенмен, оның айтуынша, "белгілі бір сенім ұялататын бірқатар көрсеткіштер бар".

Атап айтсақ, Ұлттық банк төрағасының айтуынша, кейінгі айларда банктердің несие таратудағы белсенділігінің төмендеуі инфляциялық көрсеткіштерге әсер етуі мүмкін. "Маусымның аяғындағы көрсеткіштерді алатын болсақ, ел экономикасына таратылған несиелердің өсімі аса күшті болды, ол өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 40% өсті. Бұдан кейін банктердің несиелік белсенділігі анағұрлым төмендеді, шілдеде өсім байқалғанымен, таратылған несиелердің көлемі маусымдағымен салыстрғанда 3,2%-ке, ал тамызда 27% аса төмендеді, қыркүйекте ахуал тіптен кері сипатқа көшіп, жаңадан таратылған несиелердің көлемі қайтарылған несиелермен салыстырғанда аз болды", - деді И. Сәйденов. "Біздің пайымдауымызша, несиелік белсенділік ағымдағы жылдың аяғына дейін осы деңгейде қалады, сөйтіп, бір жылда ел экономикасындағы несиелер көлемінің өсімі өткен жылдардағымен салыстырғанда анағұрлым төмен болмақ. Сөйтіп ол біздің бағалауымызша, 60 процентті құрайды", - деді ол.

Сонымен бірге банк секторының сыртқы міндеттемелері көлемінің төмендеуі де инфляция көрсеткіштеріне оң әсер етуі мүмкін. Мәселен, И. Сәйденовтың айтуынша, егер 2007 жылдың маусым айында банктердің міндеттемесі 2006 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 40,4%-ке өссе, екінші жарты жылдықта "белгілі бір тұтақтану байқалуда". "Мәселен, шілдеде банктердің сыртқы міндеттемелері 3%-ке азайса, тамызда 0,2%-ке шамалы өскен", -деді Ұлттық банк басшысы. Бұған қоса, оның пікірінше, "жылдың аяғына дейін резидент емес банктердің міндеттемелері өспей, $44 млрд көлеміндегі қазіргі деңгейде сақталады". "Сөйтіп, бұл фактор инфляцияға мейлінше аз қысым көрсетеді", - деді И. Сәйденов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны