19.01.2012, 17:23 7686

Құрылыс саласы қарқыды дамып келеді

Қазақстанда құрылыс саласы қарқынды түрде қалпына келіп жатыр, 2011 жылы сала өсімі 2,7 пайызды құрады. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында тұрғын үй құрылысына 361,5 млрд. теңге жұмсалды, ал қаңтар-қараша айларында пайдалануға берілген жалпы тұрғын үй аумағы 5,4 млн. шаршы метрді құрады.

Астана. 19-қаңтар. Kazakhstan Today - Құрылыс саласы қарқыды дамып келеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

BNews.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанда құрылыс саласы қарқынды түрде қалпына келіп жатыр, 2011 жылы сала өсімі 2,7 пайызды құрады. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында тұрғын үй құрылысына 361,5 млрд. теңге жұмсалды, ал қаңтар-қараша айларында пайдалануға берілген жалпы тұрғын үй аумағы 5,4 млн. шаршы метрді құрады.

Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің Facebook-тегі ресми бетінде хабарланады.

Өткен жылдан бастап Кәрім Мәсімов бастаған Қазақстан Үкіметі жыл сайын шамамен 6 млн. шаршы метр тұрғын үй аумағын салуға мүмкіндік беретін 2011-2014 жылдарға арналған Тұрғын үй-құрылыс бағдарламасын жүзеге асырып келеді. 4 жыл ішінде барлығы 24,3 млн. шаршы метр тұрғын үй аумағын салу көзделген. Халыққа сатылатын дайын тұрғын үй 1 шаршы метрі үшін төмендегі бағаны құрайтын болады: Алматы қаласында 142,5 мың теңге; Астана және Ақтау қалаларында 112,5 мың теңге; басқа өңірлерде 90 мың теңге. Осы жылдары республикалық бюджеттен алынатын мақсатты трансфеттер есебінен 558,7 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй аумағы, ал 2011-2013 жылдары тұрғын үй-құрылыс жинақтау жүйесі арқылы 796,5 мың шаршы метр тұрғын үй аумағы салынады.

Аталмыш бағдарлама 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй-құрылыс бағдарламасының жалғасы болып табылады, ал бұл бағдарлама арқасында 19,7 млн. шаршы метр тұрғын үй аумағы пайдалануға беріліп, 535 мыңға жуық қазақстандық баспана мәселесін жақсартқан еді.

Үлескерлік құрылыс нарығында 2011 жылдың қаңтар-қазан айларында 14 нысан бойынша 3 848 үлескердің мәселесі шешімін тапты. Осылайша, 2011 жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сүйенсек, желілі кестеге сәйкес 9 802 үлескер салым салған 44 нысанның құрылысын, атап айтқанда, Астана қаласында 3 091 үлескердің 16 нысанын, Алматыда 2 709 үлескердің 15 нысанын, басқа өңірлердегі 4 002 үлескердің 13 нысанын аяқтау қалған.

Бәріміз білетіндей, ел экономикасын алға бастыртатын салалардың бірі болып табылатын жылжымайтын мүлік нарығы көбінде теңгерімсіздікке ұшырайды, оны 2008-2009 жылдардағы дағдарыс анық көрсетіп берді. Сол жылдары дағдарысқа дейінгі қолайлы кезеңде құрылып алған "құнсыз компаниялар" күйреді. Шектен тыс табысқа кенелеміз деген құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді үлкен қарқынмен салды, алайда олардың бағасы құлдыраудан кейін күрт төмендеді. Бұл саланың мүшкіл жағдайда қалуына әкеліп соқтырды, құрылыс тоқтап қалып, 60 мыңнан астам үлескер пәтерлерін ала алмай қалды. Бірақ мемлекет жылжымайтын мүлік саласындағы түйіткілдердің тиімді шешімін тапты.

ҚР Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша К.Мәсімов Кабинеті әлем бойынша ең тиімді дағдарысқа қарсы бағдарламалардың бірі болып мойындалған "5 батыл қадам" атты Дағдарысқа қарсы бағдарлама әзірлеп, жүзеге асырды. Бағдарламада құрылыс саласын қолдауға ерекше назар бөлінді және "Самұрық-Қазына" Қоры арқылы ипотекалық несиелендіру және тұрғын үй саласын дамыту туралы арнайы бағдарлама іске қосылып, оның аясында құрылысы аяқталмай қалған тұрғын үй кешендерін салу үшін қарыздар берілді.

Премьер-Министр Кәрім Мәсімов алданып қалған үлескерлермен бірнеше мәрте кездесіп, олармен жеке сөйлесті, құрылыс салушылар мен шенеуніктерден есеп талап етіп, оларға тапсырмалар берді. Жалпы республикада үлескерлерлік құрылысты қорғау үшін 440 млрд. теңге, соның ішінде Ұлттық қордан 290 млрд. теңге бөлінген. Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру есебінен 23 мың қарыз алушы бұрынғыдан қарағанда ипотеканы орта есеппен 30 пайызға төмен деңгейде төлеуге мүмкіндік алды. Дағдарыстың басталған 2007 жылдың соңында 62 889 үлескер қаржы құйған 450 тұрғын үй кешені бар болған.

Үкіметтің дер кезінде жүзеге асырған дағдарысқа қарсы тиімді шаралары пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемінің төмендеп кетуіне жол бермей, оның дағдарысқа дейін қол жеткізілген деңгейі - шамамен 6 млн. шаршы метр көлемінде сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны