10.09.2009, 17:38 4894

Құрлықаралық "Батыс - Еуропа Батыс Қытай" дәлізін салу нәтижесінде 2010 жылы Қазақстанда 50 мың жаңа жұмыс орны ашылады - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі

Құрлықаралық "Батыс - Еуропа Батыс Қытай" дәлізін салу нәтижесінде 2010 жылы Қазақстанда 50 мың жаңа жұмыс орны ашылады - ҚР Көлік және коммуникация министрлігі

Астана. 10 қыркүйек. Kazakhstan Today - Құрлықаралық "Батыс - Еуропа Батыс Қытай" дәлізін салу нәтижесінде 2010 жылы Қазақстанда 50 мың жаңа жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2009 жылғы 10 қыркүйекте Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі ұйымдастырған "Құрлықаралық "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізі - Еуропаға жаңа жол" атты конференция болып өтті. Конференция жұмысына Ресей Федерациясының, Қытай Халық Республикасының және Еуроодақтың, жобаға қатысушы банктер - Халықаралық қайта құру және даму банкінің, Азия Даму банкінің, Ислам Даму банкінің және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері, сондай-ақ бірнеше халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ), Экономикалық ынтымақтастық ұйымы (ЭЫҰ), Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (БҰҰ АТМЭИК), Халықаралық автомобиль көлігі одағы (ХАКО), Еуропа - Кавказ - Азия Халықаралық көлік дәлізі (ЕКАХКД) өкілдері қатысты.

Конференцияның ашылуы Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігі мен Халықаралық Автомобиль көлігі одағы арасында "Азия мен Еуропа арасында және әлемдік негізгі рыноктар арасында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлікпен жүк тасымалын дамыту туралы" Меморандумға қол қойылумен басталғандығының мәністік мағынасы айрықша болды.

Өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрі Ибілғазы Құсайынов "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" құрлықаралық дәлізі саланың осы ғасырдың басындағы басты жобасы болып отырғандығын атап өтті.

Бұл жобаның тарихы 2005 жылы басталған болатын. Сол жылы Татарстан Республикасының президенті М.Ш.Шаймиев Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевқа Санкт-Петербург - Вологда - Кострома - Киров - Қазан - Орынбор - Қазақстанның шекарасы жаңа автожол бағдарғысын қалыптастыру жөнінде ұсыныспен шыққан болатын. Дәлізді құру мәселесі Ресей Федерациясының көлік министрі И.Левитинмен 2006 жылғы қарашадағы кездесу де, Қазақстан-Қытай арасындағы ынтымақтастық Комитетінің көлік саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөніндегі кіші комитетінің екінші мәжілісінің де басты тақырыбына айналды.

Жобаның ресми атауы Қазақстан Республикасы президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі "Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын жүзеге асыру бойынша бұдан былайғы шаралар туралы" № 310 жарлығында, кейінірек Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың. 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жария етілген болатын.

2007 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен Ресейдің көлік ведомстволарының басшылары Қазақстан мен Ресей арқылы өтетін "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізін БҰҰ-ның ЭСКАТО аясындағы Азия елдері және Тынық мұхиты өңіріндегі Азия автомобиль жолдарының тізіміне немесе аталмыш бағдарғыны басқадай халықаралық бекіту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Ал біздің елімізде дәлізді салу 2008 жылғы сәуірде "екпінді құрылыстар" тізіміне енгізілді.

2008 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі мен Ресей Федерациясы Көлік министрлігінің арасында "Санкт-Петербург- Қазан-Орынбор-Ақтөбе-Алматы-ҚХР шекарасы" бағдарғысы бойынша автомобиль жолдарын дамыту және ынтымақтастық орнату жөнінде меморандумға қол қойылды.

2009 жылғы 16 сәуірде Пекинде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі мен Қытай Халық Республикасы Көлік министрлігі арасында "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автокөлік дәлізін құру жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 2009 жылғы 11 маусымда Алматыда Еуропалық Комиссия мен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі арасында көлік тораптарын дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Санкт-Петербург - Мәскеу - Нижний Новгород - Қазан - Орынбор - Ақтөбе - Қызылорда - Шымкент - Тараз - Қордай - Алматы - Қорғас - Үрімші - Ланьчжоу - Чжэнчжоу - Ляньюньган бағдарғысы бойынша дәлізді жалпы ұзақтығы 8 445 шақырым. Оның 2 233 шақырымы Ресей Федерациясының аумағы арқылы, 2 787 шақырымы - Қазақстан Республикасы арқылы, ал 3 425 шақырымы - Қытай Халық Республикасы арқылы өтеді.

Қазақстан арқылы дәліз бес облыстың аумағы (Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары) арқылы өтеді. Жалпы 2452 шақырым жол қайта салынады.

Жобаның қазақстандық учаскесінің жалпы құны 825,2 млрд теңге, соның аясында 1390 шақырым жолды (Қызылорда - Түркістан - Шымкент - Тараз - Алматы - Қорғас) 4 жолақты І техникалық санатқа өткізу көзделген, қалған ұзақтығы 1062 шақырым учаскелері ІІ техникалық санатқа өткізілетін болады (РФ-ның шекарасы - Мартөк - Ақтөбе - Қарабұтақ - Қызылорда).

Бүкіл дәліз бойы трассаның геометриялық өлшемдерін (бұрылыстар, көріну қашықтығы, еңістер) жақсарту көзделген, ал экологиялық және санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында ірі елді мекендерді (Ақтөбе, Шаған, Арал, Қызылорда, Шиелі, Жаңақорған, Түркістан, Икан, Темірлан, Шымкент, Тараз, Құлан, Ташқарасу, Жәркент, Қордай, Машат, Күйік) айналып өту қарастырылған.

Жобаны іске асыру үшін қаржыландырудың үш көзі белгіленген. Айталық, республикалық бюжет есебінен 136,1 млрд теңге сомаға Қарабұтақ - Ырғыз - Қызылорда облысының шекарасы учаскесі, Ақтөбе қаласын айналып өту, Шымкент қаласы арқылы өту, АҮААЖ-на (Алматының үлкен айналма автомобиль жолы) шығу, сондай-ақ халықаралық қаржы институттары қаражаты есебінен қаржыландырылатын учаскелерге қосымша қаржыландыру көзделген.

Маңыздылығы жөнінен екінші орында - сомасы 3,4 млрд АҚШ доллары болатын халықаралық қаржы институттарының сыртқы займы. Олардың ішінде Халықаралық қайта құру мен даму банкі 2 125 млн АҚШ долларын бөледі, Азия Даму банкі - 700 млн АҚШ долларын, Ислам Даму банкі - 398 млн АҚШ долларын және Еуропалық қайта құру және даму банкі - 180 млн АҚШ долларын бөлетін болады. Бұл жерде Халықаралық қайта құру және даму банкінің банк тарихындағы басқа елдерге бөлген ең ірі займы болып болып табылатындығын баса айту ләзім.

Қаржыландырудың үшінші көзі ретінде концессиялық негізде сомасы 266,6 млрд теңге көлемінде жеке меншік инвестицияларды тарту жоспарланған. Бұл қаражатқа Алматы -Қорғас және Ташкент - Шымкент - Жамбыл облысының шекарасы учаскелері жөнделетін болады.

Бұл жобаның қазіргі бар балама дәліздермен (Транссіб, автожолы, Суэц каналы арқылы теңіз жолы) салыстырғандағы оң көрсеткіштері оның ұзақтығының төтелігі мен жолға кететін уақыттың аздығында. Егер теңіз дәлізін пайдаланғанда жолға кететін уақыт 45 тәулікке дейін. Ал Транссіб арқылы 14 тәулік кетсе, "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" дәлізімен Ляньюньгань портынан Еуропа мемлекеттерінің шекарасына дейінгі жолға кететін уақыт 10 тәулік шамасында. Жоба мынадай негізгі үш бағыт бойынша жүк тасымалын жасауға мүмкіндік ашады: Қытай - Қазақстан, Қытай - Орталық Азия, Қытай - Қазақстан - Ресей - Батыс Еуропа.

Жобаның ТЭН-н жасау кезінде өткізілген зерттеулер 2020 жылға қарай жүк тасымалының көлемі 2,5 есе ұлғаймақшы. Бұл жобаны іске асырудың орташа жылдық жиынтық экономикалық тиімділігі жолға кететін уақыттың қысқаруынан 33,9 млрд теңге, ЖКО-ның (жол-көлік оқиғаларының) санының азаюынан - 49,9 млн теңге, жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) ұлғаюына байланысты - 82,9 млрд теңге болады деп бағалануда.

Жобаның өңірлердің дамуы жөнінен де орасан маңызы бар. Оны іске асыру барысында тек ағымдағы жылдың өзінде 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады, ал шырқауына жететін 2010 жылы бұл цифр 50 мыңға дейін көтеріледі. Сол сияқты шағын және орта бизнесті, қызмет көрсету индустриясын, туризмді және экономиканың басқа да секторларын дамытуға едәуір серпіліс беріледі.

Қолданылатын құрылыс материалдарына да ерекше мән берілген. Жобаны жүзеге асыру барысында жолдарды салу мен қайта салуда қазақстандық басқа учаскелерде сыннан өткен қазіргі заманғы технологиялар қолданылатын болады. Қазақстандық құраушының үлес салмағы аз болмайды, бүгінгі күнге автомобиль жолдары саласы толықтай дерлік отандық өнімдермен қамтамасыз етілуде.

Жобаның осындай тартымды тұстарын конференцияның басқа қатысушылары да атап өтті. Айталық, Ресей және Қытай делегацияларының өкілдері бұл дәліздің өз елдеріне тікелей қатысты маңыздылығы жайында баяндаса, халықаралық қаржы институттарының өкілдері бұл жобадан тыс көлік саласының басқа да жобаларына қатысуға әзір екендіктерін атап өтті. Жоба халықаралық басқа ұйымдар арасында да үлкен әсер қалдырды, олар жобаны жан-жақты қолдайтындықтарын және оған үлкен үміт артатындықтарын жеткізді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны