Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендетті
Сурет: instagram/ҚР Ұлттық банкі
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 16,25 пайыз деңгейінде, +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
"Шешім болжам нәтижелеріне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляция тәуекелдері балансының жаңартылған бағалауына негізделген", - деп түсіндірді баспасөз қызметінен.
Ұлттық банктің мәліметінше, тамыз айында жылдық инфляция қарқыны 9,8%-ға дейін баяулады. Дезинфляциялық процес 11 ай қатарынан жалғасып келеді. Азық-түлік инфляциясы 9,5 пайызға дейін төмендеді.
"Негізгі факторлар - жемістер мен көкөністер бағасының айтарлықтай арзандауы, сондай-ақ импорттық бағалардың төмендеуі. Теңге бағамының нығаюы аясында азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының қарқыны 11,4 пайызға дейін баяулады. Реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқынының біршама баяулауы есебінен қызмет көрсету саласындағы инфляция 8,9 пайызға дейін төмендеді", - деп мәлімдеді банк өкілдері.
Бұл ретте тамыз айындағы айлық инфляция 0,6 пайызды, маусымдық факторларды есепке алмағанда 0,9 пайызды құрады. Базалық инфляция 0,7 пайыз деңгейінде сақталды.
"Инфляцияның 2026 жылға болжамы өзгерген жоқ: ол 9-11% аралығында болады деп күтіледі. Баға өсімінің баяулауына ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары мен теңгенің нық айырбастау бағамы ықпал етеді. Қосымша тежеуші әсерді 2026 жылғы қыркүйекте ең төменгі резервтік талаптарды арттырудың соңғы кезеңі қамтамасыз етеді", - деп хабарлады банктен.
Алайда 2027 жылға арналған болжам 6,5-8,5 пайызға дейін жоғарылау жағына қайта қаралды. Баспасөз қызметінің түсіндіруінше, ұл сыртқы инфляцияның өсуіне, реттелетін бағалар алғышартының қайта қаралуына, сондай-ақ фискалдық серпіннің ұлғаюына негізделген. Бұл ретте ақша-кредит саясатының ұзаққа созылған қатаңдығы инфляциялық қысымды шектей түсіп, бағаның баяу өсуіне ықпал етеді.
"2028 жылы инфляция сыртқы инфляциялық жағдайдың қалыпқа келуіне, фискалдық шоғырлануға, ішкі сұраныстың қалыпқа келуіне және бірқалыпты қатаң ақша-кредит шарттары аясында инфляциялық күтулердің төмендеуіне қарай 5%-дық нысанаға жақын болып тұрақталады", - деп хабарлады Ұлттық банктен.
Сондай-ақ, 2026 жылға ЖІӨ өседі деген болжам базалық сценарийде өзгермей, 4,5-5,5% деңгейінде бағаланады.
"2027 жылы ЖІӨ өсуі 4,5% шегінде қалыптасады. 2028 жылы салалық және жүйелік реформалар іске асырылуына, фискалдық ынталандыруды жоспарлы түрде кеңейтуге және мұнай өндірісі мен экспортының қалпына келуіне байланысты ЖІӨ өсімі 4-5%-ға дейін (бұған дейін 3,5-4,5%) қарқын алады деп күтіледі", - деп толықтырды баспасөз қызметі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

