17.02.2020, 18:21 4890

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасын орындамайтын ірі және орта компаниялар үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысуды шектейтін норма енгізу ұсынылады

Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасын орындамайтын ірі және орта компаниялар үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысуды шектейтін норма енгізу ұсынылады

Алматы. 17 ақпан. Kazakhstan Today - Нұрымбетов мүгедектерді әлеуметтік қолдаудың Қазақстанда қалай дамитынын айтты.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі - Еңбекмині) 2019 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2020 жылға арналған негізгі міндеттері бойынша алқа отырысында ведмство басшысы Біржан Нұрымбетов мүгедектерді әлеуметтік қолдау мен бейімдеу қай бағыттарда күшейтілетінін айтты.

Қазақстанда шамамен 695 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның 424 мыңы еңбекке қабілетті жаста (61%), 180 мыңы зейнеткерлік жаста (26%), 92 мың 18 жасқа дейінгі бала (13%). 2019 жылы мүгедектерді әлеуметтік қорғауға республикалық бюджеттен 323 млрд теңге бөлінді.

"2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедек баланың және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 30%-ға өсті. Бұл 100 мың азаматқа әсер етті. 292 мыңнан астам мүгедек немесе барлық мұқтаж адамдардың 70%-ы оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерімен қамтамасыз етілген. Алғашқы мүгедектік проблемасы өзекті болып қалуда. Себептерді талдау денсаулық сақтау ұйымдарының алғашқы мүгедектіктің алдын алу және сауықтыру бойынша жұмысының тиісінше жүргізілмейтінін көрсетеді. Сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама үшін негізсіз жолдамалардың өсуі мәселесіне ерекше назар аудару қажет, оларға сәйкес мүгедектік белгіленбеген", - деді Біржан Нұрымбетов.

Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар аясында жұмыстар жүзеге асырылады.

"Оны жүзеге асыру аясында Әлеуметтік қызметтер порталы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Оның көмегімен азаматтар мемлекеттік сатып алусыз оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдай алады. Осы жылдан бастап Портал арқылы жеке таңдауды қажет етпейтін техникалық оңалту құралдарының (бұдан әрі - TОҚ) 24 түрін сатып алуға болады. 2021 жылдан бастап ТОҚ-тың барлық 55 түрі қолжетімді болады. 2020 жылдың шілдесінен бастап жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының қызметтері мен санаторлық-курорттық емдеу қолжетімді болады. Сонымен қатар, биыл алғаш рет электр жетегі бар қазақстандық мүгедектер арбаларын шығару қолға алынады. Екінші тоқсаннан бастап біз алғашқы мүгедектер арбасын бере бастаймыз", - деді Еңбекминінің басшысы.

Біржан Нұрымбетов сонымен қатар 2019 жылы кедергісіз орта құру мақсатында паспортталған объектілердің ішінен әлеуметтік маңызы бар объектілердің 96,6%-ында қолжетімділік қамтамасыз етілгенін атап өтті.

"2019 жылы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының сақталуына 1300 тексеру жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша 1000-нан астам бақылау субъектісіне нұсқамалар берілді, соның ішінде 46 миллион теңгеге 212 айыппұл салынды. Сондықтан бұл жұмысты қатаң бақылау қажет. Барлық объектілерге мониторинг жүргізу мақсатында "Қолжетімді орта" порталы әзірленуде", - деді ол.

Министрдің айтуынша, алдағы екі жылдың ішінде Еңбекминінің басты міндеті - мүгедектердің экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау.

"Біз мүгедектігі бар адамдарды организм функцияларының бұзылу түрлеріне байланысты жұмысқа орналастыру жөніндегі ұсынымдармен кәсіптер атласын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Шет елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, биыл біз мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы бастама көтерудеміз. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасын орындамайтын ірі және орта компаниялар үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысуды шектейтін норма енгізу ұсынылады. Сондай-ақ, Жапония мен Германия тәжірибесіне сүйене отырып, біз жұмыспен қамту квотасының орнына арнайы қорға өтемақы төлеуді енгізудің балама тетігін қарастырып жатырмыз. "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында микрокредит және қайтарымсыз грант беру құралдары мүгедектігі бар адамдардың бизнес бастамаларына бағытталады", - деді Біржан Нұрымбетов.

Қазірдің өзінде бизнеспен айналысатын немесе стартап-жобалары бар мүгедектігі бар адамдарға Индустрияландыру картасына ұқсас ScaleUp бағдарламасы арқылы көмек көрсетіледі, оған акселерация, масштабтау, бизнес-тәлімгерлік, оқыту, жаңа нарықтарға шығуға көмек және т.б. кіреді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны