18.03.2020, 19:22 3871

Мәжіліс тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Заң жобасын таныстыра отырып , Б. Сұлтанов тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың негізгі мәселелеріне назар аударды.

Алматы. 18 наурыз. Kazakhstan Today - Мәжіліс тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын ұсынды.

Айта кетейік, заң жобасын әзірлеуші ҚР Сауда және интеграция министрлігі атынан Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті болып табылады.

Министрдің айтуынша, Заң жобасы тұтынушыларды қорғаудың Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) мемлекеттерінің аралас моделіне негізделеді. Бұл моделдің принципі бойынша мемлекет "ақылды" басқаруды жүзеге асырады, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді сотқа дейінгі реттеу органдары атқарады.

Заң жобасын таныстыра отырып , Б. Сұлтанов тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың негізгі мәселелеріне назар аударды. Бұл тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тұтас және тиімді жүйенің болмауы, жосықсыз кәсіпкерлердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін жеткіліксіз түсінуі, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қарапайым және нақты алгоритмі жоқтығы.

Осыған байланысты заң жобасын әзірлеушілер келесіні ұсынады:

БІРІНШІСІ - шағымдарды қараудың үш сатылы жүйесін енгізу.

I саты - сатушының шағымды өз еркімен шешуін немесе дауды сотқа дейін реттеуді қарастырады.

Аталған институтты құрудың негізгі мақсаты бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, тұтынушыға моральдық және материалдық залалды өтеу болып табылады.

Бұл ретте, дауды сотқа дейінгі реттеу шеңберінде тұтынушы бастамасының басымдығы шешуші болып табылады.

II саты - шағымды уәкілетті орган аясында қарастыру.

Әлеуметтік зерттеудің нәтижесінде, халықтың 64 проценті адал емес кәсіпкерлердің жауапқа тартылмауы салдарынан өз құқықтарын қорғамайтыны анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органға әкімшілік шараларды қолданатын мемлекеттік бақылау құзыреті беріліп отыр.

Бұл шаралар тұтынушының талаптарын елемеген жағдайда ғана қолданылады. Алайда, санкцияларды қолданғанға дейін уәкілетті орган сатушыға тәртіп бұзушылықтарды ерікті түрде жоюды ұсынады.

III саты - сотқа шағым беруді көздейді.

Бұл ретте алғашқы екі деңгейдің орындалуы - сот органдарына түсетін жүктемені төмендетеді. Осылайша, шағымдардың көпшілігі сотқа дейінгі тәртіпте қаралатын болады.

ЕКІНШІ - "бір терезе" қағидаты бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құру.

Барлық "тұтынушылар қорғаушыларын" аталған ақпараттық жүйеге шоғырландыру - шағымдарды беру рәсімдерін оңтайландырып, оларды қарау сапасының мониторингін жасауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, объективті статистиканы қалыптастыра отырып, аналитикалық есептілік жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.

Шағымдарды талдау нәтижелері тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Ведомствоаралық кеңесте қаралатын болады. Ол проблемалық құқықтық актілерді дереу өзгертуге мүмкіндік береді және мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің тиімділігіне тиісті бақылауды қамтамасыз етеді.

ҮШІНШІ - тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау.

Атап айтқанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың қолданысы кеңейтіледі.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына өз құқықтарын қорғауға тегін өкілдік қызметтер көрсету үшін қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік тапсырыс берілетін болады.

Бұдан басқа, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне профилактикалық мақсатта қоғамдық бақылауды жүзеге асыру бойынша құзыреті беріледі.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз қызметі

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны