08.11.2019, 17:50 11946

Маңғыстау облысында көпбалалы отбасы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бойынша бизнесті іске қосады

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданынан көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - АӘК) тағайындалғаннан кейін кедейлік шегінен төмен тұратын отбасылар санатынан шығып, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бойынша өз ісін ашуға дайындалуда.

Нұр-Сұлтан. 8 қараша. Kazakhstan Today - Маңғыстау облысында көпбалалы отбасы жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бойынша бизнесті іске қосады.

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданынан көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - АӘК) тағайындалғаннан кейін кедейлік шегінен төмен тұратын отбасылар санатынан шығып, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бойынша өз ісін ашуға дайындалуда.

Берікбай Кенжеев бұрын жалдамалы автобус жүргізушісі болып жұмыс істеген, ал жұбайы Рабиға Дүйсенова күйеуіне кондуктор ретінде көмектескен. АӘК-ке өтініш бергенге дейін, олардың 7 адамнан тұратын отбасыларының жеке баспаналары болған жоқ, олардың тек уақытша үйді жалға алу мүмкіндігі ғана болған. Ағымдағы жылғы сәуір айынан бастап АӘК ала бастады, тұрғын үй жағдайлары жақсарды, үйлерінің құрылысын аяқтады.

Ерлі-зайыптылар мемлекет тарапынан қолдау болғанын дұрыс, бірақ үнемі әлеуметтік көмек алғаннан гөрі жеке бизнесіңмен айналысқан жақсы деп есептейді. Жеке кәсіптерін ашу мақсатында Берікбай мен Рабиға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша кредит алуға өтініш берді. Ерлі-зайыптылар аудан ішінде жолаушылар тасымалын ұйымдастырудың бизнес-жоспарын дайындады, жақын арада жеке автобус сатып алуға ақша алатын болады.

Маңғыстау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша Берікбай мен Рабиғаның отбасына ай сайын 140 923 теңге, жалпы сомасы 1 млн 667 мың 589 теңге көлемінде АӘК төленіп келген. Ағымдағы жылдың қазан айында ерлі-зайыптылар материалдық жағдайының жақсаруына байланысты атаулы әлеуметтік көмектен бас тарту туралы өз еріктерімен қолхат жазып, оларға АӘК төлеу тоқтатылды.

Бұл отбасының жетістікке жетуі өңірдегі жалғыз оқиға емес. Осыған ұқсас мысал Жаңаөзен қаласында да орын алған, онда 4 баланың анасы Несібелі Назарова 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алғаннан кейін үйде тігін шеберханасын ашты.

"Бүгінгі күні 1041 адам тұрақты жұмыс орындарына, 71 адам біліктілікті арттыру, қайта даярлау және қайта оқыту курстарына, 511 адам қоғамдық жұмыс орындарына, 75 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 12 адам жастар практикасына жіберілді", - деді АӘК алушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту туралы, өңірлік Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қуаныш Берішбаев.

Маңғыстау облысында жыл басынан бері 9,9 мың отбасына немесе 54,8 мың адамға АӘК тағайындалды. Орташа есеппен отбасына 100 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома - 312 мың теңге. Ағымдағы жылы өңірде АӘК-ке 4,4 млрд теңге көзделген, оның 4,2 млрд теңгесі төленді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 7 қазанда ҚР Үкіметі отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған АӘК көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.

"Ең басты принцип - мемлекет шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға, бірінші кезекте балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналастыруға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке - көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет беру кіреді", - деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар табысына қарамастан төленеді.

АӘК табысы аз отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады.

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ оларға мектепке дейін жол жүру шығындары өтелетін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны